Балқаш ауданындағы шаруалар ата кәсіпті нәсіпке айналдырып отыр

Мал бордақылау - табыстың көзі. Балқаш ауданындағы шаруалар ата кәсіпті нәсіпке айналдырып, бизнес жасап отыр. Бұрын заңгер, есепші, құрылысшы болып жұмыс істеген азаматтар ауылға оралып, мал шарушылығын қолға алуда. Әуелі 10 сиырмен кәсібін бастаған еңбеққор жандар енді етті бағыттағы ірі-қара санын артыруды көздеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бақанас ауылында тұратын Думан Қуанышұлының негізгі мамандығы – заңгер. Біраз жыл Алматыдағы жеке компаниялар мен аудандық ауруханада қызмет еткен. 8 жыл бұрын мал шаруашылығымен айналысуды жөн көрген, сөйтіп, бордақылау алаңын салды. 30 бас сиырдан басталған шаруашылық табысқа жетті. Қазір қорадағы малы күйлі, жем-шөбі жеткілікті.

Думан Қуанышұлы, шаруа қожалығының басшысы:
- Малдың берекесі бар. Жұмыс істеп, еңбек еткен адамға жақсы табыс алып келеді. Сол мақсатта жақсы табысты болу үшін өзіміздің аудан мал шаруашылығына қолайлы, ұстағанға ыңғайлы болғандықтан, осы мал шаруашылыққа ауысып, мал өсірген жайымыз бар.

Мал өсіру үшін өріс керек. Ірі қара басы 200-ден асқан шаруашылық иелігінде 200 гектар жайылым жер бар. Балқаш ауданының шөбі құнарлы. Мұнда кең тараған жусан, изен, теріскен, күйреуік, жүзгін шөптері мен сексеуіл бұталары қыстай малға азық болады. Дегенмен өзге аймақтардан сұраныс көп болғандықтан, биыл шөп бағасы қымбаттаған. Бірақ еңбек етемін деген жанға ол да кедергі емес. Шаруа етті бағытта мал басын асылдандыруды көздейді.

Думан Қуанышұлы, шаруа қожалығының басшысы:
- Мен, ең бірінші, сапаға жұмыс істеген жоқпын. Санға жұмыс істедім. Қазіргі уақытта 4-5 жыл боп қалды, малды асылдандырып, селекция жасап бұқамызды ауыстырдық. Биыл 4-ші жыл ангус қосып жатырмын. 2 жыл бойы жақсы ангус бұзаулары туып жатыр.

Жалпы Балқаш ауданында мал шаруашылығымен айналысатын ірілі-ұсақты 1200 қожалық бар. Ірі қара саны 100 мыңнан, жылқы саны 25 мыңнан асты. Мамандардың айтуы бойынша, қысқа әзірлік қамымен 194 мың тонна шөп, 55 мың тонна сүрлем, 40 мың тонна жем азығы жиналыпты. Соынмен қоса шаруалар мал сапасын жақсартып жатыр.

Нұралы Шүленбаев, Балқаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
- Былтырғы жылы бізде 17 шаруа қожалығы жақсы асылдандырған. Енді 8 шаруа қожалық қосылды. Сонымен 25 шаруа қожалығымыз таза асылдандырып, жұмыс жасап жатыр. Шаруа қожалықтарын аралап тұрамыз. Шаруашылықтардағы малдың күйі дұрыс. Біз қысқа дайынбыз. Аман-есен көктемге жақсы шығамыз деп ойлаймыз.

Ал кәсібін шағын ғана мал бордақылау алаңынан бастаған Думан Қуанышұлы болашақта сүтті бағытта жұмыс істеуге ниетті. Ол облыстағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы жеңілдетілген несие көмегіне жүгініп, 100 бас құнажын алуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев