Астанада қаңтар айында 400-ден астам интернет-алаяқтық тіркелді

Елордада соңғы бір айдың ішінде интернет алаяқтарының 400-ден астам әрекеті тіркелген. 41 заңсыз контент анықталды, оның ішінде 3 сайт бұғатталды. Бұл туралы Криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ақпараттық технологиялардың дамуымен интернеттегі алаяқтық әрекеттер көбейген. Өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке шоттағы қаржыны аударып алу дерегі өршіп тұр. Бірақ бізде осы қылмыстарды жасаған адамдарды анықтау мүмкіндігі аз екен. Ол үшін шетелдік сайттарға шығуға құқық қорғау органдарының мүмкіндігі болу керек. Осы орайда шетелдік мамандармен 3 мәрте кеңес өткізіліп, қазір істің барысы талқыланып жатыр, - деді Қайрат Мәдиев.

Қайрат Мәдиев, қалалық Криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары:

- Біздің шетелдік ресурстарды бұғаттауға мүмкіндігіміз жоқ. 54 мемлекет кіретін киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі конвенцияға қосылуды жоспарлап отырмыз. Егер біз оған енсек, көптеген чатты бұғаттай аламыз. Өйткені барлық интернет-ресурс біздің мемлекетімізден тыс орналасқан.