Төтенше жағдайлар министрі Түркістан облысына барады

Түркістан облысында жауын-шашын саябырсып, жағдай тұрақталып келеді. 

Дегенмен, еріген қар суы таудан әлі де келіп жатыр. Аймақта республикалық жедел штаб ұйымдастырылды. Өңірге төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин ұшып шықпақ. Құтқарушылардың айтуынша, тасқын суды қауіпсіз өткізу жұмыстары  жалғасуда. Бүгін таңертең таудан келген  су Сауран, Бәйдібек және Ордабасы аудандарына қарасты 15 елді мекендегі 186 аула мен 13 көшеге жайылды. Жалпы өңірдегі су басқан аулалардан 154 адам мен 200-ге жуық ірілі-ұсақ мал қауіпсіз жерге көшірілді. Сауранда 148, ал Бәйдібек ауданында 6 адам эвакуацияланды. Олардың барлығы арнайы дайындалған орындарға емес, туыстарының үйіне жайғасқан. Ал Ордабасы ауданындағы "Найман" және "Құртай-2" каналындағы артық су Арыс өзеніне құйылуда. Елді мекендердегі тасқын суға тосқауыл қою үшін 2500 дана қап құм әкелініп, бөгет жасалды. Суды бұруға барлығы 308 адам жұмылдырылған. 51 түрлі  техника мен 25 мотопомпа қолданылып жатыр. 

Бақытжан Запаров, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органның күш-құралдарымен осы ауылдар мен елді мекендердегі суды қашырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ватсап желісінде жүр, бір көліктің үстінде адам отыр. Ол жағдай Бәйдібек ауданында тіркелді. Оны біздің жеке құрам қызметкерлері аман-есен құтқарып алып, Мыңбұлақ ауылына апарып салды. Адам шығыны тіркелген жоқ.