Түркістан облысының әкімі су тасқынына байланысты штаб отырысын өткізді

Онда жауапты орган басшылары бірнеше айдан бері үздіксіз жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде толассыз жауған жауыннан келер алапат апатқа жол берілмегенін жеткізді.

Қазір өңірде жауын-шашынның тоқтауына байланысты су деңгейі төмендеген. Дегенмен қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Өңірде жауын-шашынның көп түсуіне және қардың еруіне байланысты Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарындағы бірнеше ауылдағы үйлердің аулаларын су басты. 19 елді мекендегі 21 көше мен 234 аула су астында қалды. 1 үйдің ішіне су кірді. Құтқарушылардың күшімен су басқан аулалардан 200-ден астам адам эвакуацияланды. Олардың барлығы туыстарының үйлеріне жайғасты. Су тасқыны салдарын жоюға барлығы 300-ден астам адам, 100-ге жуық техника мен 28 мотопомпа жұмылдырылды. Жаңбыр мен еріген қар суы басқан аудандарда 12 мың қап төселді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, су басу қаупі бар аймақтар мен су нысандарында 24 сағаттық кезекшілік ұйымдастырылған. Судың деңгейі және елді мекендерді қарғын судан сақтау жұмыстары тұрақты қадағалауға алынған.