Онда птицеед тұқымдасына жататын Оңтүстік Америка және Орта Азияда өмір сүретін улы жәндіктердің жиынтығы топтасқан.
Алматылық коллекционер Рашид Бараев тропикалық өрмекшілерді өсірумен айналысады. Коллекциясында олардың саны 200-ге жуықтаған. Павлодарға 26 өрмекші әкеліпті. Жәндіктер жерде және ағаш бұтақтарында өмір сүретін болып екіге бөлінеді екен. Кейбірі өрмек тоқып, жылы ұя жасап алған.
Рашид Бараев, коллекционер:
- Менің коллекциям тропикалық алып өрмекшілерден құралған. Олардың басым бөлігі Оңтүстік Америкадан әкелінген. Кейбір түрлері Орта Азияда өмір сүреді.
Рашид Бараев танымдық көрме қоғамға пайдасын тигізуі керек деп санайды. Жәндіктерді қолмен ұстап көруге болады. Біз ойлағандай кауіпті емес екен.
Бұл көрменің психологиялық маңызы зор. Өйткені адамның бойындағы үрейді жеңуге көмектеседі. Әрине мынандай жәндікті көргенде денеңіздің дір ете түсетіні рас. Бірақ та оның бас сап шабуылдамайтынын білген жөн.
Қазақстанда өрмекшілердің түр-түрі кездеседі. Олар шөлді-шөлейтті жерлерде, ылғалы мол өзен-көлдердің жағасында өмір сүреді. Рашид Бараев егер қарақұрт, бүйі немесе сарышаяндарға кездейсоқ тап болсаңыз қалай әрекет ету керектігін түсіндірді. Ең бастысы қорқынышқа бой алдырмау керек.
Давид Мухамадеев, қала тұрғыны:
- Басында мені өрмекші шағып алатындай көрінді. Қорыққанымнан қаша жөнелгім келді. Бірақ сабыр сақтадым. Бүйілердің зияны жоқ екенін түсіндім.
Павлодар тұрғындарының қорқынышты жеңуге мүмкіндіктері бар. Экзотикалық жәндіктер көрмесі ақпанның 10-на дейін жалғасады.
