Алматы облысында ерлі-зайыптылар нан өнімдері арқылы кәсібін дөңгелетіп отыр

Қалауын тапса, қар жанар. Алматы облысы, Бақанас ауылында тұратын ерлі-зайыпты Камал мен Әсел Нұрлыбековтер нан өнімдерін әзірлейтін цех ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Әуелде дәмді бәліш пен торт пісіруден басталған іс біртіндеп табысты бизнеске айналған. Ол үшін кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауына жүгініп, бизнес жоспарларын сәтті қорғай алған. Жалпы Балқаш ауданында 46 адам мемлекеттік грантқа қол жеткізген және оның тең жартысы – жастар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауылда кез-келген кәсіп бастауға болады. Тек ниет пен талпыныс керек. Көпбалалы ана Әсел Қанатханқызының негізгі мамандағы – дәрігер. Бірақ 5 жыл бұрын жолдасымен бірге кондитер цехын ашуды ұйғарады. Сөйтіп, ауылда алғаш рет десерттік тағамдарды дайындайтын кәсіпті бастап кетеді. Ол үшін кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік грант көмегіне жүгінген. Қазір шағын ғана асханада әзірленетін тәтті өнімдерге сұраныс жоғары. 

Камал Нұрлыбеков, кәсіпкер:

- Халық сұранысы бойынша арнайы тапсырыспен дайындап беріп отырмыз. Бір жағынан, жұмыспен қамту. Екінші жағынан, осындай кәсіппен айналысып көрейік деген мақсатта жартылай фабрикат өнімін де қосып, 2 кәсіпті біріктіріп отырмыз. Бұл енді бізде отбасылық кәсіп. Біз көпбалалы отбасы боламыз. 5 баланы тәрбиелеп отырмыз. Осы кәсібімізбен, аллаға шүкір, еңбегімізді істеп, нәсібімізді тауып отырмыз.  

Кәсіпті кеңейту мақсатында Нұрлыбековтер отбасы мемлекеттік грантқа алуға тағы талпынады. Бизнес жоспарларын сәтті қорғап, аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы берілетін 1 225 мың теңге көлеміндегі грантқа қол жеткізеді. Оған тағам пісіретін пештер сатып алып, жартылай фабрикат шығаратын цех жұмысын жандандырады.

Махаббат Байтасова, аспаз:

- Өзімізге ұнайды, қызық. Әртүрлі өнімдерді үйреніп жатырмыз, осы жерге келіп, пісіріп, амып жатырмыз. Алғаш келгенде 4-5 адам істегенбіз. Қазір, міне, 13-14 адамдай жұмыс істейміз. Осылай әрі қарай дами беруіне, үлкейе беруімізге шын жүректен тілектеспін.

«Бизнес бастаймын деген адам қиындыққа дайын болу керек. Адал еңбек берекелі табысқа жетелейді, - дейді кәсіпкер.

Камал Нұрлыбеков, кәсіпкер:

- Ең басында, грант алмай тұрған кезде 3 адам ғана жұмыс жасайтын. Одан грант алып, тиісті жабдықтарды алғаннан кейін қосымша 5-6 адамды жұмыспен қамтыдық. Болашақта халық сұранысына байланысты төңіректегі елді мекендерге өнімімізді тасымалдайтын болсақ, әрине, жұмысшы санын көбейтеміз және шығаратын өнімді де көбейтеміз.

Жалпы былтыр Балқаш ауданы бойынша 46 адам мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, өз кәсібін бастап кеткен. Оның тең жартысы – жастар.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөнкешов.