Түркістан облысында қауіп сейіліп, жағдай тұрақталды. LIVE

Түркістан өңірінде қауіп сейіліп, жағдай тұрақталып келеді. Сақтық үшін су жүрген аумақтардан көшірілген тұрғындар үйлеріне оралып жатыр.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Біз қазір Сауран ауданына қарасты Шаға елді мекеніндеміз. Мұнда кеше кешкісін таудан келген қарғын су арықтардың арнасына сыймай, елді мекеннің ішіне жайылған болатын. Соның салдарынан түнде 200 жуық ауыл тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді.

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мен аудандық әкімдік қызметкерлері қауіпті сейілту мақсатында аулалар мен көшелерден су қашырту жұмыстарын жүргізді. Суды бұру, су арналарының жағасын бекіту жұмыстары жалғасып жатыр. 200-ге жуық аула судан босатылды. Жалпы 85 ауладан 197 текше метр су сорып шығарылды. Жауын-шашынның тоқтауына байланысты су деңгейі төмендеген. Қазір су «Шаға» жасанды көлі арқылы «Түркістан» магистралды каналына құйылып жатыр. Мамандар су тасқынының алдын алуға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде ел үлкен апаттан аман қалғанын айтады. Келтірілген залалды бағалау бойынша облыс әкімдігі тарапынан комиссиялық аралау ұйымдастырылды.

Ғалым Үсенбаев, Сауран ауданының әкімі:

- Еріген қар мен жаңбыр суы өңірдегі Бәйдібек, Сауран және Ордабасы аудандарындағы жүздеген үйдің ауласын басты. 19 елді мекендегі 21 көше су астында қалды. 234 аулаға су жайылып, 1 үйге су кірді. Су тасқыны салдарын жоюға барлығы 400-ден астам адам, 100-ге жуық техника мен 28 мотопомпа жұмылдырылды. Жағдай тұрақталғанымен барлық жерде қауіптің алдын алу жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр.