loader


БҚО-да мал басы жем-шөптен тарықпайды

Батыс Қазақстан өңірі, сәтін салса, мал қыстан аман-есен шығады деген үмітте. Өйткені 2 мыңнан аса қыстақта жем-шөп жеткілікті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл өңірге қар аз түсіп, малдың біразы қолға қарамаған. Соның арқасында шөп те үнемделді, - дейді мамандар.

Есбол Жасталап Бұлан ауылының іргесіндегі шаруашылықта механизатор болып еңбек етеді. Өзі де осы ауылдың байырғы тұрғыны. Шаруашылықта 6 жыл бойы табан аудармай жұмыс істеп жүр. Табысымыз жақсы. Жыл сайын шипажайға жіберіп тұрады. Еңбек етем дейтін адам болса, екі қолға бір күрек әркез табылады, - дейді ол. 

Есбол Жасталап, механизатор:

- Көп жастар трактордан қашады. Трактор айдамын. Табысым жақсы. Айдап еңбек ету керек. Жазда шөпте боламыз, егісте боламыз. Шөбімізді тегін аламыз, қанша орам сұрайсың, әйтеуір қол қақпайды. Еңбек ету керек.    

5 жыл бұрын құрылған шаруашылық бастапқыда 100 бастай бұзау сатып алған. Қазір қожалықтың бағымында етті бағыттағы 300 бас асыл тұқымды сиыр, 250 бас қамбар ата түлігі бар. Тынымсыз еңбектің арқасында барынша қолайлы қора-қопсы тұрғызып, аудан орталығына жақын тұстан кемпинг кешенінің құрылысын бастаған. Ендігі міндет – мал соятын орынның құрылысын аяқтау.   

Мақсот Досәлиев, шаруа қожалығы басшысының орынбасары:  

- Биыл қыстаққа жақсы шөп дайындадық. 4 мың орам шөп дайындадық. Жекелерге бердік, жұмысшыларға 500 орам көлемінде «натуроплата» бердік. Жекеге 70 орам тегін шөп бердік. Мына ауыр отбасыларға. Ауылға көмектестік.

Шаруашылықта 10 шақты ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың көмегі әсіресе мал төлдету науқаны кезінде ауадай қажет.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Міне, шаруашылықта алғашқы төлдері биылғы, қора  жылы. Мынадай электр шамдарының көмегімен жылытылады екен. Мәке, жалпы биыл қандай жоспар? Қанша бастан қанша төл алайын деп отырсыздар?

Мақсот Досәлиев, шаруа қожалығы басшысының орынбасары:  

- Биылғы жылы 150 бастан бір 130 бас аламыз деп отырмыз. Былтыр 130 бастан 116 бас бұзау алдық. Асыл тұқымды.

Аймақта мал қыстату науқаны ойдағыдай өтіп жатыр. Былтыр шөптің шығымдылығы жоғары болып, шаруашылықтар қысқы мал азығын жеткілікті қамдап алды.   

Мейрамбек Ерақаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының  бөлім басшысы:

- Қазіргі кезде облыста 2295 мал қыстағы болса, соның 1665 інде мал қыстақта тұр, қалғандарында мал тоқтамаған. Дайындалған шөп көлемінің 66%-і, яғни 1500 тоннадан аса мал азығы әлі күнге дейін шауаршылықтардың және мал қыстақтарында дайындалған шөп көлемі әлі де бар. Бұл мал қыстату науқанын сәтті аяқтауға септігін тигізетін болады.

Биыл мал қыстату науқанына облыс бойынша 1 млн 36 мың шартты мал басы кірген. Соның ішінде 800 мыңға тарта ірі қара, 300 мыңдай жылқы, 2500 бас түйе мен мен 1 млн-нан аса ұсақ мал бар. Өңірдегі ірі дән сақтау қоймалары арқылы шаруашылықтарға арзандатылған бағамен 4 мың тоннаға тарта кебек қосымша мал азығы ретінде беріліп жатыр.       

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов.

 

Сондай-ақ...