Арал жұрты кәсіпкерлікке бейімделіп қалды

Балқаш, Қапшағай мен Каспийдің балықшылары Аралда жасалған қайық мініп жүр. Шыны пластиктен жасалған көлік су бетінде еркін көсіледі, әрі дауыл мен толқынға дес бермейді. Сондықтан Сыр өңіріндегі шеберханадан шығатын гидротранспортқа  сұраныс көп. Жалпы, Арал жұрты қазір кәсіпкерлікке бейімделіп қалды. Шағын және орта бизнес былтырғымен салыстырғанда 35%-ке артып, стартап жобалар көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».  

10 жыл бұрын ашылған қайық құрастыру цехында теңізінің мұзы еріген кезде ғана жұмыс қызатын. Қазір қысы-жазы қайнаған тірлік. Бұған дейін қайықтың пішінін жасау, желімдеу, бояу жұмыстарын қолмен істеген еберлер қазір процестің жартысын автоматты қондырғымен тындырады. 1 тоннадай жүк көтере алатын 4 түрлі қайық жасайтын аралдық ұсталар қажетті шикізатты Еуропадан алдырады. 3 күнде бір су көлігін құрастыратын шеберхананың 8 қызметкері отандық өндіріс көлемін арттырмақ ниетте. 

Жансерік Нысанбаев, қайық құрастырушы:

-Бізге «Қазақстанда жасалған» деген бренд қалыптастыру керек. Сосын бағаны қолжетімді қылу керек. Мысалы, Ресейде бұл қайықтар бізден қымбат. Тасымалдауы бар, соның бәрі қымбатқа шығады. Сол үшін олар бізге тапсырыс береді. Теңізде жүрген, тәжірибеден өткен балықшыларға ыңғайлы қайықты жолға қойдық.

Кәсіпкерлік қарқынды дамып жатыр

Шаруашылықта 40 жыл трактор айдаған Мамай Жалғасбаев зейнетке шыққасын да қарап отырмай құс өсірумен айналысуға бекінеді. Алғашында инкубаторға мың дана жұмыртқа бастырып, бройлерді 30 күн жемдейді. Жақсықылыш ауылының тұрғыны 40 күндік құсты шетінен сойып, дүкендерге ұсынып көргенім сол еді, жұрт жапа-тармағай талап кетті дейді. Содан дереу құстың басын көбейткен зейнеткер қазір бүкіл аудан көлемінде тапсырыс қабылдап отыр.         

Мамай Жалғасбаев, кәсіпкер:

- Алдағы жоспар тағы осындай ғимарат салу керек. Төмен дегенде 10 мың бас асырауымыз керек. Сол уақытта толық жұмыс жүріп, ауданнан бөлек, облысты қамтамасыз етуге болады деп есептеп отырмыз.  

Облыс бойынша тек Арал ауданында ғана «Кәсіпкерлік үйі» ашылған. Мұнда стартап жобалар сараланып, құқықтық кеңес беріледі. Кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Ұлттық жоба» аясында 400 грант беріліп отыр.   

Ринат Жанаев, Арал аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Индустриалық даму бағдарламасына сәйкес құны 162 млрд тг құрайтын 9 жоба іске асырылуда. Осы 9 жоба нақты іске қосылған жағдайда 1620 адам жұмыспен қамтылатын болады. Қап шығару жобасы бар, мал бордақылау, оның ішінде тұшпара өндіру цехі.  Шұбат өндірісі, пескоблок, кеше ғана сабын өндірісі іске қосылды. Наубайхана ауылдық округтерде күн санап өсіп келе жатыр.

Аралдық кәсіпкерлер қамыстың өзін Еуропаға экспорттап, кварц құмын шыны зауытына жеткізіп жүр. Енді титан өндіру мен түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару жобасын іске асырмақ.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.

Сондай-ақ...