Мағжанның жұмбақ ғашығы кім? Эксклюзив

«Жүргенде тоймай көркіңе, қапыда күйдім өртіңе!» Алаш жұрты ардақтаған Мағжан Жұмабаев осындай жыр арнаған ару кім?

Ақынның бірінші әйелі – Зейнеп Тастемірова үйленген соң 1 жылға жетпей баладан қайтыс болып,  одан кейінгі отасқаны Зылиха Жұмабаева екенін білеміз. Бірақ Мағжанның халыққа кейін жеткен өлеңдерінен оның жас шағында Нұржәмилә есімді аруға ғашық болып, өлең арнағаны белгілі болды. Өлеңді сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттаған Нұрасила Бәрменбаева өз естелігінде 1937 жылы күйеуі ұсталғанда қорқып, Мағжанның біраз өлеңін өртеп жібергенін айтқан. Ал әсершіл ақынның музасы Уфадағы Ғалия медресесінде оқыған. Мағжан сол жақта танысқан. Бірақ қызды әкесі айттырып, өзгенің есігіне келін болып түседі. Сөйткен Нұржәмилә көп өмір сүрмей, құсадан қайтыс болған екен. Өкініштісі, Мағжан ғашық болған арудың суреті сақталмаған. Қолжазбаны Нұржәмиләнің туған сіңлісі Нұрасила Бәрменбаева сақтап келген. Оны 1990 жылы жезқазғандық ақын, ғалым Ғазиз Ештанаевқа береді.

Ғазиз Ештанаев, ақын:

- Апайымның аузынан Мағжанның айтқан өлеңдерін, өзінің жазған өлеңдерін айтушы еді. Мен жаттап алған едім. Сол жаттап алғанымның жадымда қалғанын қағазға түсіріп қойғанмын. Қарағым, мынау – Мағжанның өлеңдері. Бұл, меніңше, кітаптарына енбеген. Сөйтті де, кішкентай шолай домбырасын алып, енді сен Мағжанның менің апам Нұржәмиләға арнаған әнін тыңда деп, қалыққан дауысымен сол әнді орындап берді. Керемет ән, шыға қоймаса да, жаңағы апайдың аузынан шыққан үннен өзінің ғашығын қолы жетпеген ақынның зары естілгендей болды.