«ҚазМұнайГаз» басшылығы Атырауда шұғыл жиын өткізді

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамына қарасты барлық мұнай өңдеу зауыты мұнай өнімдерін өндірудің жоғары режиміне ауыстырылады. Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Атырауға сапары барысында мәлімдеді. 1 ақпаннан бастап Атырау мұнай өңдеу зауыты регенераторлардағы температураның көтерілуіне байланысты жанар-жағармай шығаратын каталитикалық крекинг қондырғысы жұмысын тоқтатқан болатын. Осыған орай «ҚазМұнайГаз» басшылығы шұғыл Атырауда жиын өткізді. Жағдайды қалпына келтіру үшін арнайы штаб құрылып, іске кірісті.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Атырау мұнай өңдеу зауытында каталитикалық крекинг қондырғысы тоқтағаннан кейін басталған жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Сонан соң кәсіпорын басшылығымен кеңес өткізіп, өндірісте қалыптасып отырған келеңсіздікті жедел қалпына келтірудің жолдарын саралады.

Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМмұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

- Технологиялық қондырғылардың жұмысына келетін болсақ, каталитикалық крекениг қондырғылары бірнеше рет, яғни 10 қаңтарда және 1 ақпанда тоқтап қалды. Оның басты себептері адами фактор мен персоналдың қателіктері болып отыр. Мұның барлығы жөндену жұмысы және іске қосу операцияларын ұйымдастыру кезінде қажетті дайындықтың жоқтығын, менеджементтің өндірістік мәселелерде біліксіздігін көрсетіп отыр.

Осылайша ойын қорытқан еліміздің бас мұнайшысы Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директорына қатаң сөгіс жариялап, оның бірінші орынбасарын жұмыстан босатты. Ал бүгін құрылған жедел штабқа кәсіпорындағы кідірісті қысқа мерзімде қалпына келтіруді тапсырды.

Арман Қайырденов, «ҚазМмұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары, жедел штабтың жетекшісі

- Бүгінгі кеңестің қортындысымен каталитикалық крекинг қондырғысын кәсіпорынды шұғыл іске қосудың жоспары жасақталды. Бірінші кезекте, генераторлық блоктағы реакторды ашып, толық зерделеу жүргізіледі. Ондағы ақауларды толық қалпына келтіреміз. Ол үшін қосымша мердігер компаниялар тартылады. 

Атырауда өткен көшпелі кеңесте Мағзұм Мырзағалиев отын тапшылығына жол бермеу мақсатында түсті мұнай өнімдерін көбірек өндіруді тапсырды. Ол үшін еліміздегі 3 мұнай өңдеу зауытының жүктемелері оңтайландырылады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.