Түркістан өңірінде су жүрген аумақтардан көшірілген тұрғындар үйлеріне оралып жатыр

Түркістан өңірінде қауіп сейіліп, жағдай тұрақталып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сақтық үшін су жүрген аумақтардан көшірілген тұрғындар үйлеріне оралып жатыр. Сауран ауданына қарасты Шаға елді мекенінде біздің тілшілеріміз де жүр. Мұнда кеше кешкісін таудан каққан су арықтарға сыймай, елді мекеннің ішіне жайылған. Соның салдарынан түнде 200 жуық ауыл тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді. Төтенше жағдайлар қызметі мен аудандық әкімдік қызметкерлері аулалар мен көшелерден су қашырту жұмыстарын жүргізді. Суды бұру, су арналарының жағасын бекіту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл ауылда 85 ауладан 197 текше метр су сорылған. Қазір жауын-шашын тоқтап, су деңгейі төмендеген. Су «Шаға» жасанды көлі арқылы «Түркістан» магистральды каналына құйылып жатыр. Мамандар тасқынының алдын алу жұмыстарының арқасында ел үлкен апаттан аман қалғанын айтады. Шығынды есептеу бойынша облыс әкімдігі комиссия құрған.

Ғалым Үсенбаев, Сауран ауданының әкімі:

- Жалпы, Бәйдібек, Сауран және Ордабасы аудандарында жүздеген үйдің ауласына су жайылған. 19 елді мекенде 21 көше, 234 аула мен 1 үйге су кірді.  Тасқыны салдарын жоюға барлығы 400-ден астам адам, 100-ге жуық техника мен 28 мотопомпа жұмылдырылды. Қазір ауылдардағы жағдай тұрақталып келеді. Тұрғындар үйлеріне оралды. Қызыл сумен алысқан мамандарға алғысы шексіз.