4 ақпан Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні

Жыл сайын әлемде 10 миллионнан астам адам қатерлі ісікке шалдығады.

Ал елімізде былтыр 39 мың адам тіркелді.  Бұрын көбіне егде жастағы адамдар ауырса, қазір жастарға да жабыса бастаған. Дегенмен қатерлі ісіктің алдын алу және оны ерте сатысында анықтау бойынша елімізде үлкен шаруалар атқарылып отыр.

Қатерлі ісік үкім емес. Талдықорғаннан келген Анар Князьбекова медициналық скрининг кезінде оң жақ кеудесінде сүт безі обыры барын естиді. Уақыт созбай Алматыдағы «Қазақ онкология және радиология» ғылыми-зерттеу институтының дәрігерлеріне қаралады. 

Анар Князьбекова, емделуші:

- Қазіргі таңда отам жақсы өтті. Менің ісігім түгел алынды. Қазір нәтижесін күтіп отырмыз. Қалай десем, жағдайым жақсы шүкір. Мен ойлаймын  ол біздің медперсоналдың өте жоғары білімді болғандықтан уақтысында бізге осындай ісікті тауып тездетіп емделуге жолықтырып жатқандарына рахмет деп айтамын.

Қазір әйелдер арасында сүт безінің қатерлі ісігі бірінші орында  тұр. Мұның негізгі факторлары дұрыс тамақтанбау, салауатты өмір салтын ұстанбау және экология мен стрестің әсері,-дейді мамандар. Сондай-ақ бала көтермеген және бала емізбеген әйелдерде осы дертке шалдығу қаупі басым көрінеді. 

Назгүл Омарбаева, онколог, маммолог:

- Қазіргі заманда сүт безінің қатерлі ісігін емдеуді біз толық меңгердік. Ісіктің қандай сатысы болса да басты құлатып үкім деп айтуға келмейді. Себебі қазір оны біздің науқастарда түсініп жатыр. Себебі бізде енді жаңағы «успешный история» деп жатамыз ғой. Ондай жағдайлар көп. 80 пайыз емделген науқастар қайтып келмейді.

Сүт безі обырынан кейін ерлер мен әйелдерде өкпе, асқазан, және тоқ ішектің қатерлі ісігі тұр. Мамандардың пікіріне сүйенсек, елімізде онколог дәрігерлердің тапшылығы, материалдық-техни­ка­лық базаның жетіспеушілігі, сондай-ақ  онко­логиялық және амбулаториялық-емханалардың аздығы әлі де байқалады. Дегенмен Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру кезінде еліміздің  өңірлерінде жеті ПЭТ, яғни позитронды эмиссонды томография орталығы ашылған. Биыл Ақтөбе мен Астана қаласынан осындай тағы екі орталық салынады деп жоспарланып отыр. 

Диляра Қайдарова,"Қазақ онкология және радиология ҒЗИ" АҚ Басқарма төрайымы:

- Қазір онкологиялық есепте 200 мың қазақстандық тұрады. Мемлекет бізді толықтай қаржыландырып отыр. Есепте тұрған барлық адамдар үшін дәрі-дәрмек пен емдеу, сәулелі терапия мен хирургиялық емдеулердің барлығы тегін. Егер науқас аурудың бірінші сатысында келсе, оған 500 мың теңге бөлінеді. Ал 4 немесе 5-сатысында болса оны емдеу үшін айына 3 миллион теңге қарастырылған. 

Қуанарлық бір жәйт, қатерлі ісікке шалдыққандардың саны көбейгенімен өткен жылы өлім саны 9 пайызға азайған. Бұған ерте диагностикалау мен сапалы емнің арқасында қол жетіп отыр. Қазір химия және таргеттік терапиядан бөлек, сәулелік терапияның жаңа түрі -томотерапия бар. Ең бастысы адамдар өзінің денсаулығына бейжәй қарамай, дәрігерлерлік скринингтен уақытында өтіп тұрса, ауруды ауыздықтайтын мүмкіндігіміз мол, дейді дәрігерлер. 

Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев

Сондай-ақ...