БҚО-дағы көне музейге құнды жәдігерлер қойылған

Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауылындағы тарихи ғимаратта еліміздегі ең көне музейлердің бірі орналасқан.

Бұл нысан 1918-1918 жылдары Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтар басқарған Күнбатыс Алашорда үкіметінің жұмыс кеңсесі болды. Музейде алаш қайраткерлеріне қатысты деректер мен олар тұтынған жәдігерлер қойылған. Сондай-ақ даңқты батыр, ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым Датұлының жорықты жолдары мен осы өңірдің тумасы, ақиық ақын Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығына арналған бұрыштар бар. 

Қос қабатты ғимараттың іргетасы тым әріде, яғни 1867 жылы қаланыпты. Белгілі көпес Таракановтың тұрғын жайы болған ғимарат бертін келе біраз өзгеріске ұшырайды. Кеңес үкіметі тұсында әскери комиссариат, аудандық мәдениет бөлімі мен басқа да мақсаттарға пайдаланылған. Алғашқыда Алаш мұражайы болған ғимарат 2017 жылы күрделі жөндеуден өтіп, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейіне айналды. Музейде 4 зал жұмыс істейді. Хатшы бөлмесінен бөлек негізгі зал белгілі алаш қайраткерлері Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедовтың жұмыс кабинетіне арналған.

Ақжол Маратов, қор сақтаушы:

- Халел Досмұхмамедовке арналған бұрыш. Сол кісінің киген былғары плащының көшірмесі. Санкт Петербургтегі реалдық училищені бітірген кездегі фотосуреті, аттестаты. Сондай ақ Жаһанша Досмұхамедовке арналған бұрыш, бұл бұрышта Жаһанша атамыздың бала кездегі Онофуриев фтотсдуиясында фотоға түскен суретін көруімізге болады. Сондай ақ бұл бұрыштан біздер Жаһанша атамыздың Оралдағы «Уральский листокта» жазған алғашқы мақаласын көруімізге болады және алаштың жасыл туының көшірмесін көруімізге болады.

Музейде 500-ден аса құнды жәдігер сақтаулы. Келушілер назары әсіресе көне фарфор ыдыстар мен көне жиһаздарға ауатыны рас. Қабырғаға ілінген мына саз аспабы да талай сырдың куәсі екені анық.

Бұл скрипкада 1918 жылы Жымпитыда өткен 4-ші Орал қазақтарының съезінде белгілі көпес әрі педагог Иван Федянин ойнаған екен. Қазір бұл музыкалық аспап осы музейдегі ең құнды жәдігерлердің бірі.

Музейдегі залдар жазушы Хамза Есенжановтың «Ақ жайық» романындағы суреттемелерге сүйене отырып жасақталған. Төменгі қабатта ХХ ғасырдың басындағы тұрмыстық бөлме мен сол кезеңнің ақсүйектері тұтынған бұйымдар қойылыпты.

Айнагүл Ойшыбаева, С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі:

- Сонымен қатар 23 жылы өзінің «Тар жол тайғақ кешу»  романын жазған кезде Сәкен Сейфуллин де осы үйге келіп 3 күн қызмет жасаған.  Біздің ғимаратта төрт зал қызмет жасайды. 4 залда 500-ге жуық жәдігерлер қойылған. Олардың ішінде алаш қарйраткерлеріне тиесілі  көне фотосуреттер мен тұтынған бұйымдары қойылған. Бірақ олардың ішіндегі ең басты Жаһанша ағаның мәскеуде тұрған үйінде төселіп жатырған қызыл кілемі бізге соңғы түскен жәдігерлерден.

Тарихи ғимарат Қазақстандағы 100 киелі нысанның тізіміне енген. Саманнан салынып, сырты ағашпен қапталған үйге жаңғырту жұмыстары жүргізіліп тұрады. Қазір бұл нысан Жымпитыдағы мемлекеттік қорғауға алынған 3 ғимараттың бірі саналады. 2018 жылы Сырым Датұлы атындағы музейі аудандық музейлер арасында еліміз бойынша ең үздік деп танылып, бас жүлдеге тігілген 1 млн теңгені олжалады. Жүлде есебінен түскен қаржы мұражайды жөндеу мен қажетті құрал-жабдықытар алуға жұмсалды.  

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Мамұтов, Елдар Аюпов

Сондай-ақ...