Есілдің бойында экобелсенділер бұрғылау жұмыстарын жүргізді

Қыстың көзі қырауда балыққа да қиын. Мұз қалыңдаса суда оттегі азаяды.

Бұл су астындағы тіршілік иелері үшін үлкен қауіп. Қырылып қалуы мүмкін. Осы себепті мамандар ара-тұра өзен-көлдердің мұзын ойып отырады.

Қазір Есіл де қатып қалған. Балық шаруашылығы комитетінің ұйымдастыруымен біраз жұрт мұнда да ойық салып жүр.

Есілдің бойында экобелсенділер, студенттер, әуесқой балықшылар жүр. Әрқайсысы өзіне жүктелген міндетін орындайды. Бірі бұрғы салады, бірі ойықтан шыққан мұзды алады. Ойыққа қамыс қыстырып кетпесе қайта бітеліп қалуы мүмкін. Мамандар мұндай шаралар қыс бойы жүргізіледі дейді. Қазір елде 3240 су айдыны болса, оның 1380-і балық шаруашылығының құзырында. 

Нығмет Қаруашов, балық шаруашылық инспекциясының басшысы:

- Бүгін мынау Есіл өзенінің аумағында балықтардың жаппай қырылуына қарсы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни суды оттегімен байыту жұмыстары ұдайы жүргізіліп отырады. Бұл жұмыстың мақсаты балықтарды оттегімен қамтамасыз ету. Бүгінгі күні бұл шараға елу шақты ұйымдар қатысып отыр.

Мамандар қыс мезгілінде өзен-көлдерді үнемі бақылап отырады. Өйткені мұздың қалыңдауы - астындағы тіршілік иелері үшін үлкен қауіп. 

Қуат Жайлаубаев, әуесқой балық аулаушылар тобының жетекшісі:

- Әуесқой балық аулаушылар тобы ретінде осы шараға қатысып отырмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, балықтардың өмірін сақтап қалу үшін белсенді жұмыс жасаудамыз. Себебі табиғатты қорғау жәны сақтау өзіміз үшін, өзіміздің  болашағымыз үшін маңызды. 

Бір айта кетерлігі, сауапты іске маңайдағы тұрғындар да келіп көмегін беріп жатыр. Ал белсенділер жұмыс істеп жатқан жұртшылыққа бой жылытар шәй таратты. Бәрі де көңілді. Мәре-сәре.  

Авторлары: Ерлан Шаншархан, Арман Ақшабаев

Сондай-ақ...