Наурыз айынан бастап өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысы өседі

Жан аямай отқа да, суға түсіп жүрген мамандар үшін бұл қуанышты жаңалық.

Павлодардағы №4-ші өрт сөндіру бекетінің ұжымы кілең жастардан құралған. Олардың арасында көпқабатты үйде өрт шыққанда қою түтінге тұншыққан тұрғындарды бір өзі эвакуациялаған Марлен Әбенов те бар.

Өрт сөндіру бөлімшесінде кезекшілік жұмыс аппараттарын тексеруден басталады. Оттегі толтырылған баллон мен тыныс алу құрылғысында ақау болмауы керек. Сонымен қатар өрт сөндірушілер үшін қызыл жалынмен күресте қолданылатын әдіс-тәсілдер, қауіпсіздік шаралары мен  құтқару амалдары туралы дәрістер тұрақты түрде өткізіледі.

Тыныштықты диспетчердің дабылы бұзды. Өрт сөндірушілер бір минутқа жетер-жетпес уақытта оқиға орнына аттанып кетті. Мұндай жағдай қыс мезгілінде тәулігіне 4-5 рет қайталанады. Өрт қаупі жоғары жаз айларында кем дегенде 10 рет дабыл қағылады. Марлен Әбенов бірнеше адамды өрттен аман алып қалған. Өрт сөндірушілер жұмыстан тыс уақытта да қырағылық танытады.   

Марлен Әбенов, өрт сөндіруші:

- Мен ол кезде кезекшілікті тапсырып, дүкеннен үйге келе жатқан едім. Өзім тұратын үйдің төбесінен түтін шығып жатқанын байқап тездетіп ішке кіріп, 8-ші қабатқа көтерілдім. Көршілермен бірге өрт шыққан қоймадан заттарды шығара бастадық. Одан кейін түтін басып кетті. Мен адамдарды қауіпсіз жерге шығаруды ұйымдастырдым. Олардың арасында анасымен  екі жас сәби және өзімнің әпкем болды.

Қауіпсіз жерге шығарылған 22 жастағы қыз бен екі бала улану диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Тұрғындарды эвакуациялау кезінде түсірілген Марленнің суреті әлеуметтік желілерде кең таралды. Көп кешікпей батыр жігіт «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Марлен Әбенов, өрт сөндіруші:

- Шынымды айтсам мені марапаттайды деп ойлаған жоқпын. Алғыс хат пен  медаль тосын сый болды. Ата –анам қатты қуанды. Алға қойған жоспарым көп. Кәсіби біліктілігімді артырып, келешекте осы бөлімшенің командирі болғым келеді.

Марлен Әбенов №4 қалалық өрт сөндіру бекетіне үш жыл бұрын келген. Сөзге шорқақ, мінезі ұяң бозбала қызмет барысында алғырлығымен көзге түсіп келеді.   

Дәулет Смағұлов, №4 өрт сөндіру бөлімінің басшысы:

- Барлық қызметтік міндеттемені жетік меңгерген. Қосымша спортпен айналысады. Жыл сайын  бізде өрт сөндіру спортынан жарыс өтеді. Солардың біріне  Марлен  Әбенов те қатысады. Жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.

Павлодардың №4 - өрт сөндіру бекетінде 4 ауысымда 45 адам  жұмыс істейді.  Жеке құрамның кәсіби біліктілігін арттыруға баса мән берілген. Олар бос уақытта спорттық шараларға белсене қатысады. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат