Әулиекөлде ауданаралық инсульт бөлімі жұмысын бастады

Бұл Мемлекет басшысының шалғай ауылдарға сапалы медициналық қызмет көрсету туралы тапсырмасымен жүзеге асқан жоба. 

Жаңа бөлімше қатар жатқан 3 ауданның халқына қызмет көрсетеді. Артықшылығы жүрек, ми қантамырларына да операция жасай алады.

Компьютерлік томография кабинетіндегі бұл заманауи құрылғы бойдағы сырқатты жедел, әрі дәл анықтайды. Осылайша ауруды асқындырмай, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік көбейеді. Ал рентгенді операция бөлмесінде жүрек, ми қантамырлары тексеріліп, диагноз қойылады.

Елнұр Маханов, инсульт бөлімінің меңгерушісі:

- Операция столы мына жұмыс панельдері арқылы басқарылады. Дәрігер сол арқылы столды қозғап, науқастың денесін өз жұмысына ыңғайлы етіп қоя алады. Сонымен қатар рентген аппаратын да жылжытып, қажетті бейнені түрлі ракурстан түсіруге болады.

Қаңтар айынан бері бөлімде төрт операция сәтті жасалды. Мұнда бір мезгілде 30 адам жатып ем қабылдай алады. Бір жылда жүрек тамырларына 200, ми тамырларына 120 операцияға дейін жасауға болады. Осылайша  облыстық аурухананың жүктемесін азайтуға мүмкіндік туады. 

Валентина Коп, Аманқарағай ауылының тұрғыны:

- Жаңадан ашылғанымен бұл бөлім туралы көпшіліктің пікірі жақсы. Бұған дейін қаралып ем алу үшін облыс орталығына жіберетін. Уақыт жоғалтасың. Біз үшін жақын жерден осындай бөлім ашылғаны үлкен көмек.

Жаңа бөлімде әзірге үш дәрігер бар. Өзге де медицина қызметкерлерінің қатары білікті мамандармен толығып келеді.

Арайлым Кәдірбекова, мейірбике:

- 12 жыл болды мейірбике болып істеп келе жатқаныма. Ашылғаннан кейін осы бөлімге келдім. Әр жұмыстың өз жауапкершілігі, қиындығы бар. Үйренеміз. Бұл бөлім жақсы деп айта аламын.

Инсульт бөлімі Әулиекөл, Наурызым, Қарасу аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Осындай ауданаралық медицина мекемесі Арқалық пен Жітіқара қалаларында да ашылған.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров