Қарағанды облысында ауыл кәсіпкері Америкадан тапсырыс алған

Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданының кәсіпкерлері сонау Америкадан тапсырыс алып отыр.

Индира Лекер ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген біраз шапанды мұхит асырған. Ел ішінде де сұраныс аз емес.

Индира Лекер әуелде туған-туыс, көрші-көлеңнің өтінішімен үйінде түрлі заттарды тігіп жүрген. Кейін бұл кәсібін табыс көзіне айналдыруға бел байлайды. Сөйтіп арнайы курста оқып, бизнес жобасын ұсынып, аудан әкімінің 1 миллион теңге грантын жеңіп алған. Оған іс тігетін машина сатып алып, тапсырыс ала бастайды. Кейін облыс әкімінің де қайтарымсыз қаржысына ие болып, шағын шеберхананы іске қосады. Қазір ол ұлттық киім, қыздың жасауы, көрпе-жастық секілді дүниелерді тігіп жүр. Көмекші болса кәсібін кеңейткісі келеді. Өнімін әлеуметтік желі арқылы саудалайды. Сұраныстың көптігі сол, тіпті сонау Америкадан тапсырыс түскен.

Индира Лекер, кәсіпкер:

- Ол кісілер әлі күнге дейін сол жақта киіп жүр. Бізге жаңағы, отзыв дейді ғой, соны жіберіп, міне біз қазақтың желеткасын Лос-Анджелесте киіп жүрміз деп өз ризашылықтарын білдіріп жатыр. Тапсырыс көп, бірақ тігінші жоқ Ақтоғайда. Негізі жұмысшы алу ойымызда бар. Айтып жатырмыз, білмей келсе де өзіміз үйретіп аламыз деп.

Ақтоғай ауданы әкімінің гранты соңғы 9 жыл бойы үздіксіз беріліп келеді. Осы аралықта 36 миллион теңге қайтарымсыз қаржы бөлініп, 86 жас кәсіпкер өз ісін ашқан. Қазір ауылда көлік жөндеу, көлік жуу, шағын кондитерлік цех, шаштараз секілді халыққа қызмет көрсету орындары жемісті жұмыс істеп тұр.

Шыңғыс Елеген, Ақтоғай аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы:

- Былтырғы жылы мысалы жергілікті бюджеттен 8 млн теңге бөлініп, 11 жасты грантпен қамтыдық. Атап айтатын болсақ, ол кісілерге ұлттық нақыштағы қазақы киім тігу мақсатында және шағын жарнама агенттігін ашу мақсатында, сондай-ақ кірпіш өндірісін ашу мақсатында гранттар бөлінді. Биылғы 2023 жылға жоспар бойынша бюджеттен 10 млн теңге бөліп, 15 жасқа грант беру мақсатында жұмыстар жасалуда.

Биылғы грантқа өтініштер наурыз айынан бастап қабылданады. «Қазірдің өзінде бизнес жобасын құшақтап, құлшынып отырған ынталы жастар жетерлік», - дейді ресурстық орталықтың мамандары.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар