Жаңаарқа шаруалары асыл тұқымды төрт түлік санын арттыруды көздеп отыр

Саннан сапаға. Жаңаарқалық шаруалар еті мен сүті мол асыл тұқымды төрт түлік санын арттыруды көздеп отыр.

Солардың бірі Талдыбұлақ ауылындағы шаруа қожалығы.  3 жыл бұрын Герефорд сиырын жерсіндірген шаруашылық, биылдан бастап жылқы басын асылдандыруға ден қойған.

6 айлық бұзауының өзі 150-160 келіге дейін ет беретін Герефорд сиырлары арқаның табиғатына төзімді. Сүті де құнарлы. Өңірдегі шаруа қожалық осыдан 3 жыл бұрын көршілес елден 50 басын әкелген. Бүгінде саны екі есеге артты.

Жағыпар Қасымов, шаруа қожалығының төрағасы:

- Қазіргі кезде екінші төл беріп отыр. Жаман емес. Жақсы адаптация алып кетті жергілікті жерге. Қолға ұстап семіртуді қажет етпейді. Көктем шығысымен жайлауға жіберсеңіз күзде жақсы салмақ береді. 

Қазіргі таңда мал сатып алуға несие беру кезінде кепіл саясаты оңтайландырылды. Сатып алған малын кепілге қойған шаруа кәсіпкер мемлекеттен төменгі пайызбен 20 млн теңге несие алған. Нәтижесінде биылдан бастап жылқыларын асылдандыруды бастады.

Нұрбақ Фазылов, шаруашылық жетекшісі:

- Мұғалжар тұқымды айғыр әкелдік. Асыл тұқымды, кәдімгі таза қанды мұғалжар тұқымы. Әкеліп өзіміздің жақсы-жақсы деген ірі, сүтті, етті биелерге салдық. Биыл алла қаласы бірінші төлдерін күтіп отырмыз. 

Ауданда мал шаруашылығының дамуына мемлекет көрсетіп отырған қолдау орасан. Тек Жаңаарқаның өзінде биыл шаруашылық құруға ниетті 10-нан астам азамат өтініш білдірген. Ал бүгінде аудандағы 800 шаруашылықтың тең жартысы асылдандыру бағытына бет алған.

Елдос Какенов, Нұрбол Үздікбаев