Елде жаңа Салық кодексі еңгізілді

Салық кодексіне түзетулер енгізіліп, 6 алым-салық түрі азайтылды.

Енді кәсіпкерлер, жұмыскерлері үшін төленетін әлеуметтік аударымдарын «бірыңғай төлеммен» жүргізеді. Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер шағын және микробизнес шығындарын үнемдейді, сондай-ақ салық жүйесін жетілдіреді.

Гүлшара Ержанованың бұрын киім дүкені мен онда жұмыс істейтін 3 сатушысы болған. Қызметкерлерінің еңбекақысынан жарналары мен аударымдары бойынша төлем жұмыстарын өзі жүргізіпті. Араға екі жыл салып, кәсіпкер бизнеспен қайта айналысуды жоспарлап отыр. Бірақ алдымен салық кодексіндегі жаңашылдықты зерттеп алуым керек, дейді ол.

Гүлшара Ержанова, қала тұрғыны:

- Бұрынғы жүйе – мен үшін жеңіл болатын. Яғни 5-6 төлем жасайтынмын. Нақты қайда барып, не төлеу керектігін білдім. Ал қазір жаңа салық кодексін енгізді. Мен оның қалай есептелетінін, қайда, нені, қалай төлеу керектігін түсіне алар емеспін.

Бұған дейін әрбір жұмыс беруші өз қызметкері үшін әдетте 5 немесе 6 салықтық төлем түрлерін жүргізетін. Ал қаңтар айында күшіне енген жаңа заң бойынша, енді бір ғана транзакция жеткілікті. Яғни салық кодексі «бірыңғай төлем» атты жаңа тараумен толықты.

Вероника Нұрпейісова, Қоғамдық тамақтану қауымдастығы басқарма төрағасының кеңесшісі :

- Біз үшін бұл тиімді. Бізге үнемдеуге мүмкіндік бар. Бұрын әр төлем үшін 300, ал банк қызметтері үшін 1800 теңге төлейтінбіз. Ал қазір бірыңғай төлем арқылы, әрбір жұмысшының жалақысынан бір ғана салық төлемін жүргіземіз. Арғысын мемлекет өзі бөліп алады.

«Бірыңғай төлем» құрамына 4 шегерім кіреді. Қазір шағын және микробизнес үшін еңбекақы төлеу қорына түсетін салықтық жүктеме 35-тен 20 пайызға дейін азайып отыр. Алайда ол тек биыл ғана өзекті. Себебі бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп отыратын болады.

БІРЫҢҒАЙ ТӨЛЕМ

2023 жылы – 20%, 2024 жылы – 21,5%, 2025 жылы – 23,8 %, 2026 жылы - 24,8%, 2027 жылы – 25,8%, 2028 жылы – 26,3 %

Жұмысшының табысынан алынатын жеке табыс салығы;

Міндетті зейнетақы жарналары;

Әлеуметтік аударымдар;

Міндетті медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдар;

Ерлан Сағынаев, ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің директоры:

- Жаңа кодекстің артықшылығы – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еңбекақы қорына түсетін 34,5 пайыздан 20 пайызға дейін төмендету мақсаты қойылды. Біз оны орындадық. Биылдан бастап кәсіпкерлер үшін салық төлемі 20 пайыздан басталып, 2028-ші жылға қарай бірітіндеп 26 пайызға дейін артады.

Салық төлеушілер қауымдастығы түзетулер қабылданғанымен, әкімшілендіру ақсап тұрғанын алға тартады. Олар «бірыңғай төлем» әдісін  әлде де пысықтау керек деп санайды. Себебі банктер жаңа әдіс бойынша транзакцияларды қабыдауға дайын емес екен.

Сара Жүнісова, Салық төлеушілер және бухгалтерлер қауымдастығының директоры:

- Жаңа салық кодексіне жаңалық енсе де, іс жүзінде біз күткендей әрекет жасалмайтын болып тұр. Бүтін жиынтық төлемінің механизмімен істейді деп ойладық. Әртүрлі ұсыныстар жасадық, бірнеше кездесулерде талқылағанда, біз түсінген сияқты болдық. Өкінішке орай қазіргі кезде ол жетілдірілмеген екен. Екінші дәрежедегі банктер біздің ондай төлемдерімізді қабылдауға әлі дайын емес екен.

Мамандар «бірыңғай төлемді» қолдану тетігін жетілдіруді шілде айына дейін жоспарлап отыр. Жалпы, алым-салықтың жаңа әдісіне көшу – кәсіпкерлердің өз еркінде. Яғни олар ескі әдіспен де аударымдарын жүзеге асыра алады.

Авторлары: Альмира Оразбай, Гүлдана Қален, Артур Горшняков