Маңғыстау облысында жаңа мамандықтарға сұраныс жоғары

Маңғыстау облысында сұранысқа ие мамандық көп.

Әсіресе компаниялар трэвэл-жол нұсқаушыларын, аспаз, мейрамхана-дәмхана даяшылары мен қонақүй әкімшісін жиі іздейді. Бұл мамандар жергілікті колледждерде даярланады. Студенттер теориялық дәрісті тәжірибемен ұштастырады.  Алды жолдамамен жұмысқа орналасып жатыр. Кейбірі өзі оқыған оқу орнында оқытушы болып қызмет атқарады. 

Мадияр Мажитов -  туризм колледжін биыл бітіретін озат студент. Бала кезінен ас әзірлеуді ұнатқан. Ата-анасы осы қабілетін байқап, технолог-менеджер мамандығына оқуға түсіреді. 4  жылда аспаздық, наубайшылықты әрі кондитерлік тағамдарды дайындауды үйренеді. Кәсіби шеберлігін түрлі сайыста көрсетіп, топ жарған. 19 жасар талантты жасқа жұмыс орны да дайын.

Мадияр Мажитов, колледж студенті:

- 2021 жылы республикалық жарыста 1-ші орын алдым. Ал 2022-де сол WorldSkills жарысына студенттерді дайындадым. Оқуымды бітірген соң басқа қалаға кетіп, жалғастырамын деп ойладым. Бірақ мұғалімдердің көбісі маған колледжде шебер болып қалсын деді.

Колледжде 960 студент бар. Дені ұлдар. Арнаулы оқу орны озық үлгідегі 3 зертханамен жарақтанған. Осы мақсатта мемлекет қазынасынан 200 млн теңге бөлінген болатын. Көлемі әртүрлі асүй плиталары мен тоңазытқыштар тұрған бөлмеде облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстар өтіп жүр. Болашақ аспазшылар, кондитерлер осы жерде тәжірибе жинақтайды. Олар әзірлеген ас түрлері енді сатылымға шығарылады.       

Раушан Үмбетова, колледж директорының орынбасары:

- Наурызда Францияда өтетін чемпионатқа 3 студентті апарамыз. Мұндай шарадан жастардың алары мол. Бұған дейін Абу-Даби, Қазан, Будапештте болған сайыстарда маңғыстаулық студенттердің жұмысы жақсы бағаланды. Колледж базасының жаңа құрал-жабдықтармен жарақтануы осындай жетістіктерге жетуімізге мүмкіндік берді.

Гүлбану Қызылғұлова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Маңғыстау туризм колледжі ұннан жасалған тағамдарды өндіріп, сатуды шығаруды жүзеге асыруда. Ақтау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынан рұқсат алынды. Сонымен қатар, үлкен кәсіпорындарда біздің студенттеріміз жақсы тәжірибеден өткеннен кейін 100 пайыз жұмыспен қамтылуда.

Жалпы Маңғыстау облысында 26 колледж бар. Соның 15-і мемлекеттік. 2025 жылы өңірлік туризм колледжі халықаралық аккредиттеуден өтеді. Сәтті аяқталса, оқу орны түлектерінің шетелдік компанияларға жұмысқа кіруіне жол ашылады.  

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев