Қызылорда облысына қарасты 4 ауылдың жарық желілері жаңарады

Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы 4 ауылдың жарық мәселесі биыл толық шешімін табады.

Жауаптылар осылай,-деп отыр. Ол үшін республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Электр желілерін жаңалау бойынша мұндай ауқымды жұмыс ауданда бұрын-соңды болмаған.

Сырдария ауданындағы жарық мәселесі толық шешілген ауылдардың бірі – Бесарық. Мұнда 439 үй бар. 2 мыңнан астам тұрғын тұрады. Электр желілері жаңарғалы тұрмыстық техникаларға алаңдамайтын болдық,-дейді тұрғындар.

Бейбіт Белгібаев, Бесарық ауылының тұрғыны:

- Қазір подстансалардың бәрі жаңаланды. Бағаналар, сымының бәрі жаңаланды. Қазір бұрынғыдай свет қайта-қайта сөне бермейтін болды. Жарықтың берілуі бір қалыпқа келді ғой.

Бұл ауданында 14 елді мекен бар. Соның екеуінде соңғы жылдары жарық желілері жаңаланған. Биыл бұл мақсаттағы жұмыстар жалғасын табады. Ол үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 600 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.

Абзал Көшмырзаев, Сырдария аудандық құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

- 2023 жылға қазіргі таңда 4 елді мекенді электрмен толық қамтылады. Ол енді 100 пайызға ауыстырылады қазіргі таңда республикалық бюджеттен ақша бөлінді. Жұмыстары осы наурыз айынан бастап жүреді.

Ауылдардың жарық желілері мен қосалқы стансаларын толық жаңалау жұмыстары алғаш рет қолға алынып отырған бастама,-дейді мамандар. Алдағы уақытта 5 мыңға жуық халқы бар ірі елді мекендердің бірі – Шаған ауылының да жарық мәселесін бір жола шешу жоспарланып отыр екен.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев