БҚО-да көпбалалы ана кәсіпкерге айналды

Батыс Қазақстан облысында бала күтіміне байланысты демалыста отырған көпбалалы ана кәсіпкерге айналды.

Жаңақала ауылында тұратын ісмер әйел үйден қыз жасауын дайындап, сатылымға шығарған. Бірер жылдан соң бөлек цехын ашып, оны заманауи құрылғылармен де жабдықтап үлгеріпті.

Жаңылсын Ғаділ – төрт баланың анасы. Ол тігін өнеріне деген қызығушылығын тұрақты табыс көзіне айналдыра алды. Бала күтіміне байланысты демалыста болған кезінде-ақ үйден көрпе-жастық тіге бастаған. Аз уақыт ішінде сұраныс артып, бизнесі өрге басыпты. Онлайн оқыған курсы кәдеге жарап, қайтарымсыз грант та ұтып алған. Енді ауыл орталығынан өзіне тігін цехын ашып, қазір сонда тұрақты еңбек етіп отыр.

Жаңылсын Ғаділ, тігінші:

- Мен бұрын негізі мемлекеттік мекемеде жұмыс жасағанмын. Ол жерде енді зарплатасы аз. Шыны керек, тек қана 30 мың алып жүрдім. Айдан айға жеткізе алмайсың. Сондықтан осылай өз бизнесімді ашып декретте отырғанда, бастап кеттім. Балаларыма да көбірек көңіл бөліп, қасында болайын деп. Көп қой осындай дүниелер. Соларға қарап қызығып, сосын қолымнан келетін болғасын бастап кеттім.

Іскер әйел көрпе-жастық, терезе жабыны, қоржын және жұмсақ ойыншықтар тігеді. Қыз жасауына тапсырыс толастаған емес. Тігінші бұрын үйде ескі үлгідегі құрылғыларды қолданса, қазір заманауи жабдықтарды пайдаланады.

Жаңылсын Ғаділ, тігінші:

- Компьютермен дизайн жасаймыз, клиенттің қалауы бойынша. Жасап болғаннан кейін флешкамен әкеліп мында салып, сосын кестелеп тігеміз оны. Мынау мысалы қазір 16 минуттық жұмыс.

Дәурен Берешов, Жаңақала ауылының тұрғыны:

- Өте керемет, сапалы. Бұйымдары да жақсы. Бұрын мұндай болған жоқ Жаңақалада. Бірінші рет ашылып отыр.

Көпбалалы ана цехта әзірге өзі ғана еңбек етіп жүр. Алдағы уақытта тағы қосымша құрылғылар сатып алып, жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов

Сондай-ақ...