Түркістан облысында шалғайда жатқан ауылдар сапалы электр энергиясымен қамтылды

Сарыағаш ауданына қарасты Ердәуіт және 51-ші разьезд елді мекендеріне жаңа трансформатор орнатылып, электр бағаналары мен желілер  ауыстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ердәуіт пен 51-ші разьезд – Дарбаза ауылдық округіне қарасты аудандағы ең шалғай елді мекендер. Мұнда 200-дей үй, 700-ден астам халық тұрады. Ауыл теміржолдың бойында орналасқан. Сондықтан өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап халық электр энергиясын теміржолдан алады. Содан бері бағаналар ауыстырылмағандықтан, әбден ескіріп, тұрғындарға қауіп төндіре бастаған еді. Былтыр жаңа трансформаторлар орнатылып, бетон бағаналар қойылды.

Исақ Мұналов, Ердәуіт елді мекенінің тұрғыны:

- Мектептегі балаларымызға да жақсы болып қалды. Көшеде қараңғыдан батпаққа батпайды. Ауылға, жастарға келешекте осы үлгілі болып, жүрген жерлері жақсы болса, стандион құрып береміз деді. Биыл енді біраз үмітіміз бар.

Ханзада Ерманова, Ердәуіт елді мекенінің тұрғыны:

- Бұның барлығы Президентіміздің былтырдан бергі көтеріп жатқан үлкен мәселесі «Ауылдық жерлердегі инфрақұрылым дамыту». Ауыл арасындағы жолдарды асфальттау жүзеге асырылды. Ауылдың ішінде жүретін адамдардың, көліктердің жағдайы жақсарды.

Былтыр Сарыағаш ауданындағы 7 елді мекенді сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 1,5 млрд теңге қаржы қаралған. Оған Ердәуіт пен 51-ші разьезд елді мекендеріне жаңа трансформаторлар қойылып, талапқа сай бетон бағаналар мен 16 шақым электр желісі ауыстырылған. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.

Мұрат Байғабылов, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Бұдан бөлек, қосымша 5 елді мекенге сапалы электр жарығымен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал осы 2 ауылымыз толығымен аяқталып отыр. Құрылыс жұмыстарын бітіріп, нысанды «Оңтүстік жарық» мекемесінің теңгеріміне өткізіп болдық. Қазір проблема түбегейлі шешілді деп айтсақ болады.

Мамандардың айтуынша, Сарыағаш ауданында 68 елді мекен бар. Соның 63 сапалы электр қуатымен қамтылған. Биыл қалған 5 ауылдың мәселесін шешілмек. Бұдан бөлек, келесі жылы бұл елді мекендерді көгілдір отынға қосу жұмыстары басталмақ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.