Маңғыстау облысында әскерилердің түнгі ұрысқа дайындығы сыналды

Маңғыстау облысында теңіз жаяу әскері түнгі уақыттағы ұрысқа дайындығын пысықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқу жаттығуға 60-тан астам бөлімше, 9 барлау тобы мен артиллериялық дивизионның минометшілер тобы қатысты. Жауынгерлік жаттығудың мақсаты – қорғаныс шебіне қараңғыда тап берген қарсыласқа тойтарыс беру. Қарсы шабуыл жасау. Осылайша, кіші командалық құрамның ұрыс кезінде бөлімдерді басқару шеберлігі сынға түсті.

Барлаушылардың мәліметінше, қарулы жасақ түн жамыла қорғаныс шебін басып алмақ ниетте. Теңіз жаяу әскерінің тас-түйін дайын жатқанынан жау хабарсыз. Бұйрықты естіген бойда сарбаздар жарқырағыш оқ жаудырып, іле-шала окоптағы орнын ауыстырды. Бір мезетте броньдалған машиналар автомат оғы ұшқан аумаққа ірі калибрлі қарудан атыс ашты.

Ақжол Ақжанов, миноатқыштар батареясының көздеушісі:

- Біздің мақсатымыз жаудың тірі күшін және әскери техникаларын жою. Біз тапсырманы түнгі жарықтандырғыш снарядтар арқылы жақсы деген бағаға орындадық. Мұндай сабақтар жауынгерлік даярлығымызды өте жоғары деңгейге көтеруге көмектеседі.

Қарша бораған оққа шыдамаған қарсылас жер бауырлауға мәжбүр болды. Жауынгерлер өздері бекінген шепке бет алған техникаларды танкі жойғыш қол гранатымен тас-талқан етті. Кейін шегінгендері 120 миллиметрлік миномет расчеттарынан құтыла алмады.

Эльдарбек Шермаматұлы, Ш. Уәлиханов атындағы әскери колледждің 2-курс кадеті:

- Түнгі уақытта қорғанышқа көшкен бөлімшенің жауынгерлік атысын орындаудамыз. Бұл жауынгерлік атыс бөлімшенің ұрыстық қасиеттерін терең меңгеруге жол ашты. Осындай әскери бөлімдерде қызмет етіп, командир болу мен үшін үлкен құрмет.

Осылайша, жас командирлердің ұрысқа мүмкіндігінше жақын жағдайда әскери бөлімдерді басқару шеберлігі сыналды. Үздік нәтиже көрсеткендері басшылық тарапынан жоғары бағаланды.

Айта кету керек, теңіз жаяу әскері бригадасында ұрыс жаттығулардың 50%-і түнде өткізіледі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.