Риддер қаласындағы ЖЭО тұтынушыларға 63 млн теңгені кері қайтарып берді

Риддер қаласында орналасқан жылу электр орталығы жергілікті тұрғындарға 63 млн теңгені кері қайтарып берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл қайта есептеу осы қыста жылуды тиісті мөлшерде ала алмаған адамдарға қатысты болып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, аталған нысан өткен жылдың қарашасынан бері толық қуатымен жұмыс істей алмады, себебі онда бірнеше апат пен өрт оқиғасы болды. Осы жағдайдан кейін ел Президенті мен Бас прокуратураның тікелей тапсырмасымен «Риддер - жылу электр орталығы» тексерілді. Сол тексеру қорытындысына сәйкес енді артық төлем жасаған 22 мыңға жуық абонентке ақшасы қайтарылып жатыр.

Мақсұт Тоқсанбаев, ШҚО прокуратурасының ресми өкілі:
- Прокуратура тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында Табиғи монополияларды реттеу департаментіне аталған нысанға бақылау жүргізу туралы қаулы етті. Сол бойынша «Риддер-ЖЭО» акционерлік қоғамымен тиісті шаралар қабылданып, қазір 21 мыңнан астам тұтынушыға артық төлемдері қайтарылды.