Жамбыл облысында әскерилер тұрғындарға көмекке келді

Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы әкімшілігінің өтініші бойынша су тасқынына қарсы шараларды атқаруға кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл аудан күннің күрт жылынуы мен жауған жаңбыр салдарынан су басу қаупі жоғары елді мекен қатарында тұр. Қазір апатқа қарсы жұмыстарға Луговой гарнизонындағы барлау бөлімшесі және мотоатқыштар батальонынан 300-ге жуық әскери қызметші мен арнайы техника жұмылдырылды. Сондай-ақ үйлерді тасқыннан қорғау үшін 50 адамнан құралған бірнеше топ бекіністер жасап, құм салынған қапшықтардан «бөгет» дайындауда.

Абзал Жәнібеков, жауынгерлік даярлық жөніндегі барлау бөлімшесі командирінің орынбасары:

- Біздің азаматтық міндетіміз – ҚР азаматтарына көмектесу. Сондықтан біз ешқандай ойланбастан керекті жеке құрам мен техниканы бөлдік. 3 күннен бері жергілікті тұрғындарға көмектесіп жатырмыз. Су ағып келе жатқан жерлерге қаптарға топырақты қаптап, үйлерге суды жібермей жатырмыз.

Нұрболат Қойшыбаев, Құлан ауылдық округінің өкілі:

- Әскери қызметшілерге рақмет. Өйткені бізде Құлан ауылына су, сел қаупі төнген кезде біз хабарластық. Олар келіп бізге көмектесіп, қайда болмасын бізге көмек береді әрқашан.