Елімізде әрбір алтыншы жұп бала сүйе алмайды

Репродуктологтардың айтуынша, көбіне орта есеппен 38-39 жастағы жұптар экстракорпоральды ұрықтандыру тәсіліне жүгінеді.

Бүгінде жасанды жолмен 30 мың бала дүниеге келді. Ал, 2021 жылдан бері "Аңсаған сәби" бағдарламасы арқылы берілетін квота саны 7 есеге көбейді.

Айжан Әбішова экстракорпоральды ұрықтандыруға ең алдымен психологиялық тұрғыда дайындалған. Бірнеше талпыныстан кейін құрсағына сәби бітіп, жас отбасы арманына жетті. ЭКҰ тәсіліне баруға көп әйел жүрексінетінін айтады. Кейде қаржылық жағдай мүмкіндік бермейді. Бастысы, шешім қабылдаған соң қиындыққа төтеп беру қажет, - дейді.

Айжан Әбішова, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Астанаға барып реподуктологтан тексерілгеннен кейін бізге тек қана ЭКО деді. Мен барлық әйелдердің қатарынан шықтым 100 пайыз қорқып. Экоға келіскеннен кейін тағы да бір өтті чтобы мен өзімнің қызыма жеттім. Удачная подсадка дейді қазақша болсын орысша болсада. Сонда менде толық 4 программа болды. Толық екі программа және 2 қысқа программа. Сол 4 программа ішінде бізде жолдасымызбен бірге 4 миллион ақша көлемінде шықты.

Айжан жасанды ұрықтандыруға өз қаржысын жұмсады. Алайда мемлекеттен бөлінетін квотаны таңдау жолы да бар. Қазір онда 15 мың әйел кезек күтуде. Жыл сайын 7 мың квота бағдарламасын мемлекет қаржыландырады. Сұраныс одан да көп.

Салтанат Байқошқарова, репродуктолог-эмбриолог:

- Қазір квотаның бөлінетін қаражаты бір әйелге 1 млн-1,1млн теңге. Ол жетпейді, өйткені технологиялар қатты өзгерді. Мемлекет бізге қаражат бөліп жатқан протоколдар ескірді. Олар 2010 жылы алғашқы квота берген кездегі протоколдар. Біз соны қазір өзгертпекшіміз. Өйткені бізге тиімді болу үшін, нәтижелі болу үшін пациенттерге орта шамамен кем дегенде 1 жарым млн теңге бөліну керек.

Репродуктологтар экстракорпоральды ұрықтандыру жөніндегі министрлік бұйрығына өзгеріс енгізетін уақыт келгенін айтады. Сондай-ақ, бедеулікке шалдыққандардың бірыңғай тізімін құрастыру қажет.

Вячеслав Локшин, ҚР Штаттан тыс бас репродуктологы:

- Біз кезек болмағанын қалаймыз, сол себепті квота есебінен бағдарлама саны артып отыруы тиіс. Экстракорпоральды ұрықтандырудың көмегімен бедеулікті емдеуге мұқтаж науқастарға қолдау көрсету өзекті мәселе.

Әлемдік тәжірибеде экстракорпоральды ұрықтандырудан кейін орта есеппен 30% жағдайда бала дүниеге келеді. Бізде бұл көрсеткіш 40%-ке жуықтады.

Дана Айтуарова, ӘМСҚ тариф белгілеу департаментінің директоры:

- Соңғы үш жылда экстракорпаралды ұрықтандыруды жүргізу бойынша бір жағдайдың орташа құнында өсім байқалады. 2020 жылы республика бойынша оның орташа құны 865 мың теңге болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 937 мың теңге, 2022 жылы 1 миллион теңге, 2023 жылы 1,1 миллионды құрады. Жыл сайын тарифтер орта есеппен 10 пайызға көтеріледі. 

Бүгінде жасанды ұрықтандыру жолымен 30 мың сәби дүниеге келді. Бағдарлама іске қосылған 26 жылда осынша отбасы бала сүйді. 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылып, квота саны 7 еселенді. Бедеулік диагнозы қойылған пациенттер үшін республика бюджетінен 6,7 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді.

Рухани Асқар, Гүлжан Көленқызы, Аслан Абуталипов