Ақмола облысында 500-ден астам жас маман өз қызметін ауылдан бастады

Былтыр Ақмола облысында 500-ден астам жас маман өз қызметін ауылдан бастады.

Оларға  «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында жан-жақты қолдау көрсетілген. Атап айтсақ, 1 миллиардтан астам қаржы тек баспана алуға бөлінді. Бұдан бөлек, 165 миллион теңге көлеміндегі, бір реттік көтерме-ақы тағы бар. Игілікті бағдарлама аймақтағы кадр тапшылығын шешуге ықпал етіп отыр. Жобаның жемісін көрген түлектің бірімен, әріптесім Абзал Азаматұлы танысып қайтты.

Жас дәрігер Анастасия Степанованың қызметке кіріскеніне бір жылға жуықтапты. Ол Қарағанды медициналық университетінің түлегі. Оқуын тәмәмдаған соң бірден бағдарлама бойынша өзі туған Сандықтау ауданына келді. Жас маманға аудан орталығынан бір бөлмелі пәтер мен 1 миллион теңге көтермеақы берілген.

Анастасия Степанова, дәрігер:

- Мен барлық түлекке осы жобаның тиімділігін айтқым келеді. Яғни алаңсыз жұмыс жасау үшін барлық жағдай қарастырылған. Аудан, ауылдық жерлерде жұмыс істеуден қашпау керек. Керісінше бұл өз кезегінде үлкен тәжірбие.

Иә, бүгінде бағдарлама өз жемісін беруде. Медицина саласының өзінде бір жылда кадр тапшылығы 50-ге жуық дәрігерге дейін қысқарған. Әсіресе, жас мамандардың дені облыс  орталығына шалғай орналасқан аудандарға жіберіліп жатыр. Ондағы жалақы да қомақты. 

Айгүл Мырзалинова, Сандықтау аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Өйткені ауылдың 25 процент қосымша ақшасын алады. Сондықтан жастардың ауылға шақырам. Биыл бізде 5 адам терапевт дәрігері болып келеді. Олардың да үй жағдайлары қарастырылған.

Азамат Байқуанышев, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы:

- Пайызбен есептейтін болсақ,  жас мамандардың 73 проценті білім саласына, 19 пайызы денсаулық саласына келді. Қалған 8 пайызы басқа салаларды таңдаған түлектер үлесінде. Осы жылы 600 жас маманға қолдау көрсетіледі деп жоспарланған.

Жалпы аймақта «Дипломен ауылға» бағдарламасы басталғалы бері 7 мыңға жуық жас маманға қолдау көрсетілген. Соның тең жартысы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Оған қазынадан 11 миллиард теңге бөлініпті. Бүгінде әр саладағы осы маманның барлығы аянбай тер төгіп, өз тәжірбиелерін толықтырып жүр.

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный