Таразда жас өнертапқыштың жобасы ұсынылды

Таразда мектеп оқушысы, күннен алынатын электр қуатын 65% арттырудың жолын тапты.

Жас өнертапқыш жобасын жан-жақты зерттеп, ғылыми тұрғыда дәлелдеп шықты. Одан бөлек оқушылар су арналарын, өзі тазалайтын құрылғы да құрастырған.

Қанат Тәжіхан - Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы. Жас ғалым жаз бойы мына қалқымалы күн электр панельдерін жасады. Ақылды құрылғы күн сәулесі қайдан түссе, бағытын сонда өзгертеді. Өнертапқыш күн панельдерінің өнімділігін одан ары арттыру үшін су бетіне орналастыруды ұсынып отыр. Сол арқылы шағылысқан сәулені де сіңіріп алуға болатынын айтады. Ол үшін  су қоймасына барып зерттеу жасаған. 39 мың панельді орнату үшін бар болғаны су бетінің 2 гектардан аса аумағы қажет. Жоба жүзеге асса 120 000 үйді жарықпен қамтамасыз етуге болады.

Қанат Тәжіхан, мектеп оқушысы:

- Ақылды күн трэкерін жасадық. Күннің түсу бұрышына байланысты тек қана КПТ түскен кезде, күн трэкеріне тоқ беріп, ол өзіне оптималды бұрышты тауып орналасып алады. 1 ақылды күн панельін жасау үшін бізге 200 мың теңге қаражат керек болады. Кәдімгі күн панельін жасау үшін 120 мың теңге қаражат керек болады. Бірақ 2 жылдан кейін 65 пайыз қуатты арттыру арқылы, біз пайдаға жұмыс жасайтын боламыз.

Ал Бейбарыс Ілияс қала тазалығына алаңдап жүрген жастардың бірі. Таразды Талас пен Аса өзендері кесіп өтетінін ескерсек, басты мәселе- каналдардың тазалығы. Су арналары пластик құтылар мен қосқыс тола бастаған. Жас ғалым ауқымды мәселені өздігінен қоқыс жинайтын құрылғымен шешуді ұсынып отыр. Жасанды интелект арқылы камера қоқысты танып белгіленген аумақты тазалап шығады. 

Бейбарыс Ілияс, мектеп оқушысы:

- Құрылғыны сынақтан өткіздік. Нәтижесінде осы құрылғы 2 келі қоқыс жинай алды. Бұл құрылғы үшін өте жақсы нәтиже деп санаймын. Егер өндірісте болашақта істейтін болсақ, ол құрылғы білмеймін 50 келі немесе 100 келіге дейін жинай алады.

Мектеп оқушыларының еңбегі тасада қалмады. Мәселен оқушылар жасаған GPS құрылғыға Оңтүстік Корей елінен инвестор табылған. Жылқыға арналған құрылғы бүгінде әлем бойынша саудаланып жатыр.

Мейірлан Жусанбаев, Физика пәнінің мұғалімі:

- Қағаз жүзінде қалған емес, қағаз бетінде емес. Шынымен де жұмыс істейтін проэктілердің саны осы 12 болып тұр. Яғни ол әр түрлі бағытта, экология байланысты баламалы энергетика сынды тақырыптарға байланысты әр түрлі проэктілер. Әр түрлі конкустар болады, мысалы «Атамекен» тарапынан, облыс әкімі тарапынан, Сол миллион, 2 миллион теңге оқушыларымыз ұтып алып, сол проэктілерді іске асырып жатыр.

Жас өнертапқыштардың жаңалығы көп. Оқушылар көпірден өткен көлік салмағынан энергия алатын жобаны әзірлеуде. Сонымен қатар қоршаған ортаға залалы жоқ батареяны шығару жолында жұмыс істеп жатыр.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә