Елдегі 3 өңірге «National Geographic» журналы тегін жеткізіледі

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарындағы 900 мектепке қазақ тіліндегі National Geographic журналына жазылу сертификатын сыйлады.

Сонымен қатар орта білім беру ұйымдарына басылымның өткен жылғы мұрағатын сатып алып берді. Мемлекет басшысының зияткер ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмасына толық сай келетін жоба аясында Сыр өңіріндегі 300-дей мектеп оқушылары географиямен қатар тарих, биология, антропология, ғарыш және медицина саласымен кеңінен танысуға мүмкіндік алып отыр.

№264 мектеп-лицейінде өткен шарада «ҚазМұнайГаз» Басқарма Төрағасы «National Geographic Qazaqstan» журналының жаратылыстану ғылымдарын насихаттаумен қатар мемлекеттік тілдегі сапалы контентті дамытуға қосып жүрген үлесін атап өтті. 38 тілде шығатын басылым насихаттайтын маңызды құндылықтың бірі -  қоршаған орта қауіпісіздігі ұлттық компанияның саясатына сай келетінін де тілге тиек етті. 

Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

- Бұл жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Зияткер ұлт» қалыптастыру жөніндегі тапсырмасына толық сай келеді. Бұл жолдағы маңызды қадам ол – жаратылыстану ғылыми-техникалық бағыттағы журналдарды оқу мәдениетін қайта жандандыру екеніне сенімдіміз. Таңдаудың National Geographic журналына түскендігі кездейсоқ емес. Оның теледидар, онлайн және офлайн платформаларының жалпы аудиториясы бүкіл әлем бойынша 900 миллион адамға жетеді.

Салтанатты рәсім кезінде жаратылыстану-ғылыми пәндер бойынша олимпиада жүлдегері Санжар Сұлтанбекке журналға жазылу сертификаты табысталды. Қазақ тілінде 2016 жылдан бері жарық көретін 7,5 мыңдық таралымы бар басылым мектептерге ай сайын жеткізілетін болады. 

Еркін Жақыпов, «National Geographic Qazaqstan» бас редакторы:

- 80 елде 3 мыңдай зерттеуші әлемнің ең маңызды зерттеулерін оқырмандарға қолжетімді етіп келеді. Оқушылардың функционалдық сауаттылығы, зерттеушілік ой-қабілетін дамыту, әр түрлі ғылыми-танымдық жобаларға, жарыстарға осы тақырыптарды арқау етіп ала алады. Сол арқылы оқушылардың ғылымға, зерттеуге деген құштарлығы оянады. 

Шара барысында жергілікті мұғалімдерге әлемге әйгілі танымдық басылымның онлайн және оффлайн ресурстарын қолдану әдістері таныстырылды.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев