Павлодар облысында 500 шақырым жол жөнделеді

Биыл Павлодар облысында жолдарды жөндеу және реконструкциялау бойынша 105 жоба жүзеге асырылады.

Басымдық жергілікті маңыздағы жолдар мен ауыл көшелеріне берілмек. Әсіресе, қиыршықтасты учаскелерге асфальт төсеу жоспарланған. Осылайша, 500 шақырымнан астам жол жөнделіп, қалыпқа келтіріледі. Мамандардың мәліметінше, бұған 20 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Олардың қатарында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң септігін тигізетін бірнеше ірі жоба бар. Тарқатып айтсақ, Баянауыл және Май аудандарының арасында бұрын-соңды болмаған тас жол пайда болады. Бұл Баянауыл демалыс аумағының туристік әлеуетін де арттыруға септігін тигізбек. Енді тұрғындар жол азабын көрмей, көрікті өлкеге саяхат жасайды. Тағы бір жоба Ақтоғай ауданы мен Екібастұз қаласының арасын жақындады. Жаңа жол салынғаннан соң қашықтық 100 шақырымға қысқарады.

Нариман Омар, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Қызыл октябрь, Жаңа Ақшиман және Угольное елді мекендерін байланыстырамыз. Осылайша, Май ауданы мен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары Баянауылға еш қиындықсыз жете алады. Бұрынғыдай 300 шақырымдық жолды еңсермей, сапалы тас жолдың игілігін көреді.