Шымкентте кезекке тұрмағандарға арналған тұрғын үй бағдарламасы қолға алынды

Ал Шымкентте баспана кезегінде тұрмағандарға арналған «Qamqor» атты жаңа тұрғын үй бағдарламасы қолға алынды.

Ол мемлекеттің субсидиялауы есебінен жүзеге асады. Қала билігі банк беретін займның бір бөлігін жергілікті бюджет есебінен жабуға дайын. Биыл бұл мақсатқа 3 млрд. теңге бөлініп отыр. Арнайы топтар категориясына енбейтін шымкенттіктердің аталған бағдарлама бойынша баспана алуына толық мүмкіндігі бар. Бұл әсіресе жекеменшік ұйымдарда жұмыс істейтін дәрігер, медбике, педагок, тәрбиеші, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары үшін өте тиімді. Аталған тізімге мәдениет және спорт, энергетика саласы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өңірлік филиалы қызметкерлері де кіреді. Алғашқы кезеңде 150 адамды баспанамен қамту жоспарланып отыр. Несиенің жылдық мөлшерлемесі 5, ал алғашқы жарна 10 процент, одан кейін біртіндеп түсе береді.

Жанат Өтебаева, қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы:

- Бұл жерде атап өтетін нәрсе Шымкент қаласының тұрғыны болуы керек. Үш жылдық айтып отырмыз ғой тұрғын-жайда тіркелуі керек. Сонымен қатар 5 жыл атында дүниесі болмауы керек. Бұл «Qamqor» бағдарламасына 60 жасқа дейін қатыса алады. Жаңағы кезекке тұра алмайтын, біздің статусқа кірмейтін азаматтар бойынша жұмыс жүргізу бойынша ойланып табылған бұл бағдарлама.