«Хабар 24» арнасының түсіру тобына қоқан-лоққы көрсету бойынша сот үкімі шықты

Солтүстік Қазақстан облысында арнамыздың түсіру тобына күш қолданғандардың ісіне сот нүкте қойды.

Осыдан бір жарым жыл бұрын Петропавлдағы сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде БАҚ өкілдерімен күзетшілер арасында дау туындаған еді. Сол кезде қауіпсіздік қызметінің басшысы тілшілердің қызметіне кедергі келтіріп, ғимараттың ішінен күштеп шығарып тастауға бұйрық берген болатын. Бүгін оған қатысты сот үкімі шықты.

2021 жыл, 2 тамыз. Пандемия шарықтап тұрған кез.  Арнамыздың Петропавлдағы түсіру тобы «Ашық» жобасы жайында материал жасамақ болып, шаһардағы ең ірі ойын-сауық орталығына барды. Бірақ ондағы күзетшілер журналистерге жұмыс істейге мүмкіндік бермеді. Артынша тіпті БАҚ өкілдерін ғимараттан күштеп шығарып жіберді. 

Қаламмен микрофонды серік еткен жандар бірден оқиға орнына полиция шақыртты. Артынша ҚР ҚК 158 бабы 2-бөлігі, яғни «Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда ол бес мәрте жабылып, алты рет ашылды. Осылайша сағынша созылған іске нүкте қойылды.

Әсем Джаналина, Петропавл қалалық сотының судьясы:

- Сұлтан Нәбиоллаұлы Сағандықов қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Және оған бір жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Алайда 2021 жылғы 7 желтоқсандағы «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңның негізінде сот оны бұл жазадан босатты.  

Осылайша «Арқаланы алтын, жегені жантақ» журналистердің құқығы заңмен қорғалды.

Төлеген Иманов, "Хабар" Агенттігінің телеоператоры:

- Соттың шешімімен толықтай келісеміз. Себебі біз тек заң аясында жұмыс істедік. Ал бұл шешім БАҚ өкілдеріне күш көрсеткен азаматтарға сабақ болады деген сенімдеміз.  

Әзірге  сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Сондықтан екінші тарап алдағы он бес күнде аппелацияға шағым бере алады.

Сондай-ақ...