Шымкентте 85 гектар жер мақсатсыз пайданылған

Шымкентте кадастрлық құны 2 млрд теңгеден асатын 85 гектар жер мақсатсыз пайданылған.

Прокуратура қызметкерлері рұқсат қағазы жоқ жер учаскелерінде үйлер, өзге де ғимараттар салынғанын анықтады. Заңбұзушылықтың алдын алу үшін қадағалау органы тарапынан бақылау күшейтіледі. Ендігі кезекте жер телімдеріне аэроғарыштық түсірілімдер жиі жасалып тұрады.

Қамбар Сейітахметовтің осы ауданда тұрып жатқанына 10 жыл болды. Акт жүзінде жер алып, үй тұрғызған. Ал көршілерінде жерге деген рұқсат қағазы немесе құжаты барына күмәнмен қарайды. Айтуынша, аз уақытта жаңа үйлер көбейген.  

Қамбар Сейітахметов, қала тұрғыны:

-Мен өткенде көрдім. Мемлекеттік обьектілер картада бар да, ал жеке үйлер ол жерде аз. Негізінен обьектілер. Мына жерде 20 метрдей көше. Әрі қарай Темірші әулиеге қарай тіке жол. Бұл жақтылар да сол госактісі жоқ деп отыр.

Қысқа мерзімде жер үйлер бой көтерген жерлерге негізінен мектеп, балабақшалар салынуы тиіс болған. Енді прокуратура қызметкерлері заңсыздықпен күресудің жолын ойлап тауыпты. Заңсыз қолданылған жер учаскелері су, ток пен газ желісіне қосылмайды. Осы мақсатта әкімдік және коммуналдық кәсіпорындарымен үш жақты меморандум жасалған. 

Батыр Ергешов, Қалалық прокуратура басқармасы бастығының орынбасары:

-«Жерді өз бетімен басып алуға жол жоқ» деген жоба іске асып жатыр. Қазіргі таңда бізде өкінішке орай алдыңғы заңдастырулардан бөлек мыңнан астам жер учаскесі бар, өз бетінше иеленген. Кейбір учаскелерде әлеуметтік нысандар соғылуы тиіс болған. Оның бәрі сот арқылы кері қайтарылып жатыр, мемлекеттік органдардың талап-арыздары бойынша.

Шымкентте тұрғындар өз бетімен басып алған жер телімдеріне 1056 үй салынғаны анықталды. Кейбірінің құрылысы аяқталмаған. Бұзу үшін алдымен рұқсатсыз тұрғызылған баспана иесін табу керек. 

Ержан Нұразханов, Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы: 

-Ордабасы, Сайран, Төле би аудандарынан 76 мың 200 гектар жер қосылған. 40 елді мекен қосылған. Содан қаланың қазіргі территориясы 116 мың 280 гектарға ұлғайып тұр. Әсіресе сол уақыттарда заңсыз жерге құрылыс салу қарқын алған. Мемлекеттің жерін босатып беру туралы 322 үйге біз арнайы хаттама жібердік. Қаланың өсіп-өркендеуіне қиянат келтірмеуі керек адамдар.

Заңға бағынбаған жағдайда іс сотқа жолданады. Қазір құқыққорғаушылар адамдарды алдау арқылы жер телімдерін сатуға қатысты деректің мән-жайын анықтап жатыр. Оған қатысты 4 күдікті ұсталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов

Сондай-ақ...