Отандастарымыз Түркиядан елге оралды

Бүгін таңертең Түркиядан елге екінші арнайы борт ұшып келді. Қазақстандық құтқарушылардың қосымша тобын Газиантепке жеткізген әуе кемесі қайтарда 42 отандасымызды ала келді. Тағы Қырғызстанның 22 азаматы бар. Елге қайтарылғандардың дені – әйелдер мен студенттер, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстандық құтқарушылардың екінші тобын Түркияның Газиантеп қаласына жеткізген арнайы борт Астанаға таңғы 7-30 шамасында ұшып келді. Қайтар жолда әуе кемесі отандастарымызды елге алып келді. Алапат апат болған ошақтан Қазақстанға қайтып оралғандардың қатарында Баян Белгібаева да бар. Отандасымыз Диярбакыр провинциясынан келген екен.

Баян Белгібаева:                                                  

- Тілсіз жау дейді ғой. Қорыққанымыздан не істерімізді білмей, күннің суығында 2 күн далада қалдық. Осындай сәттерде үйлер құлап жатты. Үй құлап жатқан кезде көмектің барлығы соларға қарай кетті. Әуежайдың өзінде күткенімізде жер сілкінеді. 2-3 сағат сайын сілкінеді.

Бүгін Түркиядан 42 отандасымыз елге қайтып келді. Сонымен қатар Қырғазстан Республикасының 22 азаматы да бар. Анадолы жерінде ахуал тұрақтағанға дейін Бішкекте аялдауды жөн көргендердің бірі – Пермет Карабашева. Түркиялық азаматқа  тұрмысқа шыққан екен. Бірақ жолдасым дәрігер болғандықтан, зардап шеккендерге көмектесу үшін қалды, - дейді ол.

Пермет Карабашева:

- Менің жолдасым Газиантепте қалды. Ол дәрігер болып істейді. Сондықтан оның көмегі керек болды. Қазақстандықтарға үлкен рақмет! Бізді осылай алып шығып, қауіпсіз жерге әкелді.

Бортпен келгендердің дені – Түркияда білім алып жүрген студенттер. Барлығы түрлі қалада оқиды. Қазақстанның елшілігі оларды Газиантепке арнайы автобуспен жеткізіп, ұшақпен елге қайтарған.

- Мерсин қаласында оқып жатырмыз. 60 студент. Қазір 30 келдік.

- Бізден 1 күн бұрын қайтқандар болды. Солардан естідік.

- Біздің Мерсин қаласында ғимарттардың құлауы болған жоқ. Бірақ сонда да «трещиналар» болып жатыр. Қабырғасы құлап, «трещиналар» пайда болып жатыр. Сол үшін қайттық.

Елге ұшып келгендердің барлығы бірдей елордалық емес. Кейбірі Шымкент, Алматы қалаларынан. Сондықтан Астанадағы қонақүйлердің бірі келгендерді тегін жайғастыру жөнінде шешім қабылдаған. 5 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, қалағандарынша дейін қалуларына бола алады, - дейді қонақүй басшылығы.

Тансель Терджан, қонақүйдің бас менеджері:

- Біз 45 адам жайғаса алатын 15 бөлме дайындап қойдық. Келген адамдар қалағандарынша тегін тұра алады. Түркиядағы апат біздің де қабырғамызды қайыстырды. Шетте қала алмадық. Біздің қонақ үй желісіміз Анталья мен Кемер қалаларында да 1 мың адамды тегін қабылдауға әзір. Кез келген зардап шеккен адам келе алады. Тұру және тамақтану тегін.

Айта кету керек, бұған дейін арнайы бортпен Қазақстанға 18 адам қайтарылған болатын. Олардың екеуі – Қырғызстан Республикасының азаматтары.

Авторлары: Риат Шони, Ақылбек Есімсейітов.