Екібастұз тұрғындары үшін жылуға 70% жеңілдік жасалды

Жергілікті халық қаңтар айында жылу құнының тек 30%-ін төлейді. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн - брифингте «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ-ның бас директоры Вадим Лесин атап өтті.

Айта кету керек, жеңілдік тек жылуға қатысты жасалып отыр. Сонымен қатар брифингте Екібастұз қаласында жалпы ұзындығы 5 шақырымдық 4 жылу магистральін жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттың әзірленіп жатқаны сөз болды. Ақпанның 15-нен кейін ол мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Егер қолдау тапса, жөндеу жұмыстары басталады. Бұдан бөлек, 25 шақырымдық жылу желісіне көктемгі және күзгі гидравликалық сынақтарды өткізудің де жобасы қарастырылған. Бұл – магистральдық және кварталішілік желілер. Жөндеу жұмыстарын жергілікті мердігер компаниялар жүзеге асырады. Ал Екібастұз қаласының бүгінгі ахуалына тоқталсақ, жылу энергетикалық орталығы жұмыс істеп тұр. Тек тұрғын үйлер мен әлеуметтік мекемелердегі параметрлер талапқа сай емес.

Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі:

- Қаланың жылу желілерінде біраз жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жылдың басынан бастап 150-ден астам әртүрлі ақаулықтар табылып, жойылған болатын. Енді олардың барлығы уақытша қалпына келтірілген.

Вадим Лесин, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ бас директоры:

- Қайта есептеу алгоритмі әзірленіп, кеше ғана қала және облыс басшылығымен келісіліп, бекітілді. Жылу сапасының төмендігіне орай тұрғындарға тек жылу құнының 30%-і есептелетін болады. Жылу бойынша 70% жеңілдік жасалады.

 

Сондай-ақ...