Президент Ішкі істер министріне бірқатар тапсырма берді

Елде кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, ұрлық, бұзақылық, мал ұрлығы, сондай-ақ көшеде жасалған қылмыстар айтарлықтай азайған. Мұны Ішкі істер министрі айтты. Марат Ахметжанов Президентке қаңтар айындағы криминогендік ахуалды баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа көші-қон жағдайы, ұйымдасқан және есірткі қылмысына қарсы жұмыс, құқық бұзушылық пен жол-көлік оқиғаларының алдын алуға қатысты ақпарат берілді. Бұдан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026-шы жылдарға арналған Президент бекіткен тұжырымдамасы аясында полиция қызметкерлерінің адалдығын тексеру жөніндегі пилоттық жобаның алғашқы нәтижелері айтылды. Қазір қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028-ші жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Кездесу соңында Мемлекет басшысы азаматтық қоғам өкілдері мен журналистерге қарсы бағытталған заңға қайшы әрекеттерді және арандатушылықты әшкерелеу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Қасақана кісі өлтіру фактілері 40%-ке, ұрлық 34%-ке, ауыр қылмыстар санатына жататын қылмыстар тіркеуі азайып отыр. Тағы да, Президентке бүгінгі шетелдік автокөліктерді заңдастыру қалай жүріп жатқанын, есірткімен күресті қалай ұйымдастырып жатқанымыз, ұйымдасқан қылмыспен қалай күресті ұйымдастырып жатқанымыз және осы біздің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, жасалып жатқан концепциямыздың алғашқы қадамдары қалай жүріп жатыр, соны баяндадым.