Қазақстан халқы Түркияға көмек жинай бастады

Түрік халқына қазақ елі тайлы-тұяғы қалмай көмек көрсетуге әзір. Елдің барлық өңірінде ол жаққа жөнелтетін қаржы мен заттарды жинау орны ашылған. Кей ұжымдар 1 күндік еңбекақысын, енді біреулер зейнтеақысынан үнемдеп ақша аударып жатыр. Киім-кешек, гигиеналық керек-жарақтар да көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Апат айтып келмейді. Бауырлас елдегі жағдай отандастарымызды бей-жай қалдырмады. Бастапқылардың бірі болып Түркістан халқы көмек жинауға кірісіп кетті. Облыстық ақсақалдар алқасының бастамасымен сауапты іске тұтас өңір жұртшылығы атсалысып жатыр. Мәселен рухани шаһардағы көпсалалық медицина колледжінің студенттері мен ұжымы 1 күндік жалақысы мен шәкіртақысын аударса, өңірдегі ассамблея мүшелері 2 млн теңгенің киім-кешегін әзірлеп қойған. Ал өзбек этно-мәдени бірлестігінің өкілі 4 млн теңгенің киім-кешегі мен гигеналық заттарын дайындап, бүгін ұшаққа салып жібермек ниетте. Ақсақалдар алқасы 1 млн теңгенің затын жинап, буып-түйіп дайын отырғандарын жеткізді.

Қыдырәлі Рысбаев, кәсіпкер:

- Қазір шамамен 25 млн теңге жиналды. Түркістанда бірнеше кәсіпкерлер, тойханалардың иелері әлі де хабарласып жатыр. Бұдан да көп жиналады деген ойдамыз. Ең бастысы, біздің әрбір азаматтарымыз шын жүрегімен ниеттеніп берген жәрдемі болып жатыр.

Игі істен ақтөбеліктер де шет қалған жоқ. Қала бойынша бірнеше арнайы пункт ашылған. Мұнда көпшілік негізінен жылы киім-кишек, көрпе-жастық, тұрмыстық бұйымдар, электр пеші және өзге де заттар әкеп жатыр. Әсіресе еріктілердің белсенділігі жоғары. Олар қарапайым тұрғындар мен кәсіпкерлердің, меценаттардың берген көмегін жинап жүр. Бұл науқан 20 ақпанға дейін жалғасады.

Нұрбек Жалғасбаев, облыстық волонтерлер кеңесінің төрағасы:

- Қазақстан, жалпы, бауырлас ел ғой. Түркия елі де. Бұл жерде қоғам белсенділері, волонтерлар, кәсіпкерлер, әртүрлі жаны жомарт адамдар ел болып, өздерінің пейілдерімен келіп, әкеп тастап жатыр.

Қарағанды облысында көмек жинау пункті бүгін облыстағы 13 аудан, қалада ашылды. Түркияда оқып жатқан қазақ студенттерімен байланыс орнатылған. Осы аптаның соңына дейін алғашқы легін Астана арқылы Түркияға жөнелту жоспарланып отыр. 

Рауан Таран, облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы:

- Арнайы Түркия еліне гуманитарлық көмек жинау ашылды. Ол облыстың барлық аудан-қаласында ашылуда. Бірінші кезекте ересек пен балаларға арналған жылы киім, көрпелер, ұйықтау қаптары қабылданып жатыр. Барлық гуманитарлық көмек кезең-кезеңмен ұлттық волонтерлық желі және Түркия елшілігі арқылы жолданатын болады.

Атап өткен жөн, Түркияға Қазақстаннан жіберілген құтқарушылар ішінде өңір-өңірден кеткендер де бар. Соның 15-і – қарағандылық құтқарушылар. Оның ішінде басым көбі – кинологтар мен апаттық медицина мамандары. Олар 14 тәулікті автономды жұмысты ескере отырып, медициналық техника, құтқару, байланыс және тіршілікті қамтатамыз ету құралдарымен жасақталған.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар, Сайлау Игіліков.