Семейде қайырымдылық балынан жиналған 30 млн теңге балалар үйлеріне жіберілді

Семейде қайырымдылық балынан жиналған 30 миллион теңге балалар үйлерінің есепшотына аударылды. Яғни, қаражат тәрбие орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, мектеп-интернаттың емдік дене шынықтыру кабинеті, асхана мен кір жуатын орынға қажетті құрал-жабдықтар сатып алынады. Ал №8 балалар үйіне дезинфекциялық камера, тұрмыстық техника, ыдыс-аяқ пен жұмсақ жиһаз жеткізу қажет. Қиын жағдайдағы балаларға қолдау көрсету орталығындағы кір жуатын бөлме мен робот техникасы кабинеті де қайта жабдықталмақ.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр желтоқсан айында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың бастамасымен «Ақ Ертіс» қоры Семей қаласында алғаш рет қайырымдылық балын өткізген болатын. Жоғарыда айтқан қаржы осы іс-шарадан жиналған.

Рымхан Нұрғалиева, №8 балалар үйі директорының орынбасары:

- Сол ақшаның 10 млн-ын біздің балалар үйіне берді. Қазір балаларға қажетті тұрмыстық заттарды алғалы жатырмыз. Әр топқа жеке асхана ашу ойымызда бар. Бұл асхананы ашудағы мақсат – балаларды әлеуметтендіру. Өздері тамақ жасап үйренеді. Осы ақшаға балалар тынығатын үлкен демалыс бөлмесін жасағалы жатырмыз.