Қазақстан мен Өзбекстан Аралдың экологиясын жақсартуды жалғастырады

Қазақстан мен Өзбекстан Аралдың құрғаған атырабын бірлесіп көгалдандыруды жалғастырады.

Еліміз 2025 жылға дейін жалпы аумағы 1 млн гектер алқапқа сексеуіл егуді жоспарласа, ала шапанды ағайын экологиялық аймақта шаруашылық түрлерін дамытады. Қазір көршіміз экологтармен ара өсіру жайын қарастырып жатыр. Бұған дейін 1 млн 700 мың гектар жерге егілген сексеуіл қоршаған ортаға оң ықпалын тигізген. "Айдынды суға толтыру мүмкін емес, дегенмен бос жатқан алқапты кәдеге жаратып, ауыл шаруашылығына пайдалану мүмкіндігі туып отыр", - дейді мамандар. Жалпы Арал аймағында әлі 4 миллионнан аса алқапты көгалдандыру қажет. Бұл мақсатқа Өзбекстан бюджетінен жыл сайын 25 млрд сом бөлінбек.

Акмал Мұрадов, "Узсувтаминот" АҚ Ақпарат бөлімінің басшысы:

- Арал аймағына түрлі өсімдік егіліп жатыр. Ғалымдар мен шаруалардың тыңғылықты жұмысы нәтижесінде теңіз табанындағы орман алқабы жыл сайын 25 мың гектарға ұлғайып келеді. Былтыр 107 мың гектарға сексеуіл тұқымын септік. Биыл тағы 420 тоннасын дайындап, арнайы бақта өсіреміз. Сосын 100 мың гектар жерге тұқым себу жұмыстары басталады.