Ақтөбеде 93 жеделсаты жаңартылады

Ақтөбеде 93 жеделсатысы жаңартылады. Жалпы шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлердің лифтілерінің үштен бірі тозып тұр.

Алғашқыларының орнатылғанына 40 жылдан асыпты. Тұрғындар қауісіздігін ескерген жергілікті билік енді жеделсатыларды ауыстыруды қолға алды. Республикалық бюджеттен қосымша қаржы болса бұл жұмыс келесі жылы да жалғасын табады.

Кеңес заманында іргетасы қаланған 9 қабатты мына үйдегі лифттер қолданысқа берілгеннен кейін жаңартылмаған. Қуықтай ғана кабинасы қозғалған сайын дірілдеп, құлап кетердей болады. Әлсін-әлсін жүрмей қалатын лифтке тұрғындар жүрексіне мінеміз деп отыр.

Бақытжан Сағынбаев, қала тұрғыны:

- Үйге енем келгенде әрдайым жаяу көтеріледі. Лифт есігіне қысылып қаламын ба деп қорқады. Тез жабылатыны сондай кей кезде кіріп үлгермейсің. Әбден ескірген ғой. Айына 2-3 рет тоқтап қалатыны да бар. Қайғылы жағдай болмай тұрғанда жаңасын орнату қажет.

Тоғыз қабатқа жаяу көтеріліп жүргендер жаңа кешендерде де кездеседі. Мәселен Батыс-2 шағын ауданындағы мына үйдің салынғанына 6 жыл болған. Осы уақыт аралығында жеделсаты әбден тозып, соңғы алты ай бойы тұрғындар жаяу көтерілуге мәжбүр.

Ботагөз Қожабаева, қала тұрғыны:

- Әжелер бар, үлкен кісілер бар, пенсиядаға апайлар тіптен шыға алмайды мына таза ауаға. 9-этажда операциядан шыққан апай бар. Ол тіпті 2-3 күнде далаға бір рет шығам дейді. Жылап мінем, жылап түсем деп айтып жатыр.

Көпқабатты үйдің коммуналдық шаруашылығына жауапты мүлік иелері бірлестігі өкілі лифтке күрделі жөндеу қажет дейді. Оның айтуынша көтеру механизміне жауапты компания жүктелген міндетті атқармаған. Соның салдарынан су жаңа құрал-жабдықтары қирап, пайдаға аспай қалады. Қазір тұрғындар ай сайын төлемақысын ғана жинаудан аспаған компанияны сотқа бергелі отыр.

Гауһар Үмбет, мүлік иелері бірлестігінің төрайымы:

- Лифт шаруашылығын жүргізетін өзге компаниялар біздің үйге қызмет көрсетуден бас тартады. Себебі лифттеріміздің жайы мәз емес. 7 подъездің біреуі тоқтап тұр. Қалғандарын да ағымдағы жөндеуді талап етеді. Алты жыл ішінде осындай күйге жеткізген мекемені жауапқа тартып, шығындарды өтеуін талап етеміз.

Ақтөбеде қазір он көпқабатты үйдің лифті тоқтап тұр. Жергілікті билік олардың барлығы алдағы 6 ай ішінде жөнделеді деп сендірді. Жалпы осы уақыт аралығында шаһардағы 93 лифт жаңартылуы тиіс. Мемлекеттік бағдарлама аясында 751 млн теңге бөлінген. Бұл сома меншік иелеріне несие ретінде рәсімделеді. Былтыр осы әдіспен облыс орталығындағы 21 лифт жаңартылған.

Ақнұр Қазбаева, қалалық тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі:

- Лифттің бағасын 7 жылға бөледі әр пәтерге. Әр пәтер өзінің жалпы ауданына байланысты ақшасын төлеп отырады. Өзінің счеты болады. сол счетке ай сайын ақшасын аударып отырады. Үстемақысы кредит бойынша 0,1 процент болып табылады. Себебі лифт дегеніміз ол тұрғындардың ортақ мүлкі. Сол себептен олардың ортақ мүлкіне бюджеттен қаржы қарастырылмаған.

Жалпы Ақтөбе қаласындағы 302 көпқабатты үйде 659 лифт бар. Олардың 238-ы рұқсат етілген мерзімінен әлдеқайда артық қолданылып келеді. Арасында тіпті 40 жылдан астам қызмет етіп келе жатқандары да кездеседі. Сондықтан тұрғын үй инспекциясы өкілдері келер жылға да жоспар құрған. Республикалық бюджеттен қолдау болса 2024-ші жылы 145 лифтті жаңарту көзделіп отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков