Үндістандық саяхатшылар Қазақстанды ерекше туристік бағыт ретінде таңдайды

Үндістандық саяхатшылар Қазақстанды ерекше туристік бағыт ретінде таңдайды. Былтыр үнді елінен келген қонақтардың саны 28 мыңнан асқан.

Ал биыл 40 мыңға жуықтайды -деген болжам бар. Бұл зерттеулер Нью–Дели қаласында өтіп жатқан халықаралық туристік көрмеде айтылды. Қазақстан, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына қатысушы елдермен бірлесіп, туризм саласы бойынша ұсыныстарын жеткізді. Мемлекеттің осы салаға ерекше ден қойып отырғанын алға тартты.

Дастан Рыспеков , ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, туризм индустриясы комитетінің төрағасы:

- Біздің шетелдік туристерге көрсететін қызықты дүниелеріміз көп. Тек соны дұрыс ұйымдастыру керек. Үнді туристерінің қазақстанды таңдауы тегін емес. Оларды  біздің әсем табиғатымыз бен, көне қалашықтарымыз қызықтырады. Қазір бұл елдің туроператорларының дені Қазақстанмен жұмыс істегісі келеді. Ал біздің жұмысымыздың негізі – бизнес. Бұл – ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері.

Софья Тастемірова, туристік компания өкілі

- Үндістанның бұл нарығы Қазақстанға келетін туристер саны бойынша үшінші болып саналады. Біздің елімізге үлкен қызығушылық бар. Биыл да бұл елден көптеген турист келеді деп сенеміз және мұндай көрмелер біз үшін өте маңызды. Тәжірибе алмасып, білмеген нәрсемізді үйренеміз.