Қостанайлық қолөнерші қайыстан қамшы өріп, теріден торсық жасайды

Ата-бабаларымыздың күнделікті тіршілікте қолданған заттарды жаңғыртып жүргендердің бірі – Айдын Диханбаев. Бастапқыда ол қолөнерді әкесінен үйреніпті. Есейе келе, атакәсіпті біртіндеп шағын бизнеске айналдырды. Жас жігіт келешекте кәсібінің аясын кеңейтіп, ұлттық өнерді әрі қарай дамытуды армандайды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Айдын Диханбаев білгенін үйретуден аянбайды. Осы мақсатпен жарты жыл бұрын Федоров ауданындағы қолөнер үйірмесінің тізгінін ұстапты. Қазір қарамағында жиырма шәкірті бар. Он саусағынан өнері тамған оқушылары шағын шеберханада тері өңдеп, қамшы жасаудың қыр-сырын меңгереді.  

Айдын Диханбаев, қолөнерші:

- Шағын қамшы болса да, бала істейтін қамшы болса да, бұл жерде де біз тобылғы қолданамыз. Жай ағаш қолданбаймыз. Ерте кездегі өзіміздің бабаларыз қолданған. Оны күз кезінде жинаймыз. Ақырындап кептіреміз. Тобылғы ағашы қатты. Құрт түспейді, шірімейді. Қанша уақыт өтсе де, өзінің салмағын жоғалтпайды.

Бұйымдар тек таза табиғи шикізаттан дайындалады. Сонысымен бағалы. Қамшы сиырдың иленген терісінен, яғни қайыстан жасалады. Торсықтар шикі терден әзірленеді. Айдынның бұйымдары төрткүл дүниеге танымал. Словакия, Мажарстаннан арнайы тапсырыс беретіндер жетерлік. Әзірге шебер торсықты жалғыз өзі жасайды. Болашақта жолымды шәкірттерім жалғайды деген сенімде.

Айдын Диханбаев, қолөнерші:

- Көптеген қамшы Жапонияға, Англияға, Америкаға кетті. Ондай қамшыларды сол жаққа қыдырып бара жатқан ісілер арқылы алдырады. Біздің Қазақстаннан бір топ шебер Мажарстанға көрмеге барады. Сол кісілер менің жұмыстарымды ала кетеді. Сол жаққа апарып қояды. Сол жерден сатып алушылар қызығып сатып алады.

Балалар қолөнер үйірмесіне аптасына 2 рет келеді. Олардың туындылары аудандық көрмелерде ұдайы үздіктер қатарынан табылып жүр.

Ринат Есенбай, жас шебер:

- Қамшыны 3 өріммен өреміз. Өйткені енді бастап жатырмыз. 1 жылдан кейін 3 өрімді тастап, 4 өрімге көшеміз деп ойлаймын. 1 қыркүйектен бері 5-6 қамшы ма, соңғысын дайындап жатырмын.

Федоров ауданында өскелең ұрпаққа арналған 66 үйірме бар. Солардың арасында қызығушылық жағынан ұлттық қолданбалы өнер үйірмесі көш бастап тұр. 

Назым Батырбаева, Федоров ауданы балалар шығармашылық үйінің директоры:

- Балалар шығармашылық үйі өте белсенді мерекелерге, конкурстарға қатысады. 2020 жылы біз облыстық рейтингте 2-ші орын алдық. Соған өте қуанышты болдық. Енді қазір шамалы түсіп қалдық. Соған жұмыс істеп жүрміз.

Айдын қолданбалы өнермен 15 жылдан бері айналысады. Шебер жігіттің ендігі арманы – кең шеберхана ашып, ұлттық құндылықтарымызды одан әрі дәріптеу.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров.