Мектептердегі қауіпсіздік қалай сақталады?

Еліміздегі барлық мектептің қауіпсіздік жүйесіне тексеру жүргізіледі. Оқу-ағарту министрлігі өкілдері осылай деп мәлімдеді. Себебі оқушының қауіпсіздігі басты назарға алынбақ, деп хабарлайды «Хабар 24».   

- Біздің мектепке келуші адамдарды жаппай картамен кіргіземіз. Кіріп-шыққанда да. Менің жұмысым балалардың қауіпсіздігі.

Солтүстіктегі оқыс жағдай еліміздегі барлық мектепті сақ болуға шақырғандай. Абай облысындағы білім ошақтары да қазір қауіпсіздік жүйесіне баса мән беріп отыр. Өңірлік білім басқармасының дерегінше, аймақтағы 300-ге тарта мектепте 7280 бейнебақылау камерасы орнатылған. Ал Семейдегі оқушы саны 300-ден асатын 43 оқу ордасы жедел басқару орталығына қосылған. Шаһардағы 68 мектептің барлығында дабыл түймешесі жұмыс істеп тұр.

Біржан Бұлабаев, қалалық білім бөлімінің басшысы:

- Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кейбір мектептерде заманауи биометрия құрылғысы орнатылған. Әр баланың жеке мәліметтері, фотосуреті енгізілген.

Азамат Қасым, тілші:

- Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Семейдегі 68 мектептегі 3 мыңға жуық камераны күндіз-түні осы жерден бақылайды. Жалпы, өңірдегі 304 мектеп жедел басқару орталығына қосылған.

Әсет Өтепов, Абай облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы:

- Бұдан бөлек, 126 мектепте турникет қойылған. 262 мектепте дабыл түймешесі бар. 101 мектеп жеке күзет фирмаларымен келісімшартқа отырған.

Ал Қарағанды облысындағы 409 мектептің барлығына бейнекамера орнатылған. Әрқайсысына 24 камерадан қойылған. Бұл күнделікті білім ошағындағы жағдайды жіті қадағалап отыруға жеткілікті, - дейді мамандар. Қала мектептеріндегі камералар жедел басқару орталығына, ал ауылдағы оқу орындары жергілікті полиция бөлімдеріне қосылған. Олардың айтуларынша, жыл басынан бері ешқандай дабыл түспеген.

Динара Қабыкен, Білім басқармасының бас маманы:

- Бүгінгі күні барлық мектептер 100% бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген. Яғни, мектептерде 11 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық мектептер дауыстық хабарлама, яғни дабыл түймелерімен, турникеттермен, сонымен қатар арнайы мамандандырылған күзет фирмаларымен жұмыс істейді. Биылғы жылы төтенше жағдай бойынша ешқандай сигнал келіп түспеді.

Ашық дерекөздерге сүйенсек, еліміздегі мектептердің барлығына бейнекамера орнатылған. Алайда бәрі бірдей жедел басқару орталықтарына қосылмаған. Бұл деректі Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов былтыр Үкіметтің отырысында айтқан болатын. Ендеше бейнебақылаудың санына ғана емес, сапасына мән беретін кез жеткен секілді.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.