Өскемендік құтқарушылар тәжірибелерімен бөлісті

Шығыс Қазақстандық құтқарушылар қысы қиын өлкеде туристерге түрлі шеберлік сағатын өткізуді жалғастырып жатыр.

Осыдан бірнеше апта бұрын олар мектеп оқушыларына экстермалды жағдайдан шығу жолдарын насихаттап еді. Енді кезекті тәжірибені туристерге арнады. Осылайша омбы қарда, тау ішінде қалып қойғанда не істеу қажеттігін іс жүзінде көрсетіп шықты.

Оқиға желісі бойынша қарда жүру көлігімен табиғатты аралап жүрген азамат көшкінге тап болады. Сөйтіп аяқ асты омбы қардың ортасында, тау-шатқалдың ішінде қалып қояды.Ең алдымен ол қар астынан аман шығудың амалына кіріседі.Соңынан маңайында ауыл жоғын түсініп, үсіп қалмаудың қамын жасайды.Қолда бар дүние шырша бұтақтары ғана.

От тек жылыну үшін ғана керек емес. Ол көмекке шақыратын белгі. Бұл әдістердің өлкеде көрсетілуі бекер емес. Өйткені өңірде қар қалың. Көшкін қауіпі де жоғары.

Омар Дүзгінбаев, «Қазселденқорғау ММ» ШҚО филиалының басшысы:

- Облыс көлемінде 497 қар көшкіні түсетін аймақ бар. 325 қауіпті.Бүгінгі күні қысқы маусым кезінде қар көшкінінң алдын алу жүргізілді.Облыс көлемінде  60 жару жұмыстарын өткіздік. 250 текше метр мың қар құлап, түсірілді.

Құтқарушылар үшін уақыт қымбат. Қар астында қалған адамды кем дегенде 10 маман, бір қызметтік ит іздеуге шығады.

Наталья Дрожжина, кинолог:

- Бұл иттер кез келген тіршілік иесінің иісін бірден сезеді.Сондықтан ең басты барлаушымыз осы төртаяқты достарымыз.

Ну орман, омбы қар, биік шатқалдар қателікті кешпейді. Осыдан екі жыл бұрын Риддер қаласы маңында қарда жүру  көлігімен серуендеп жүрген бір азамат көшкін астында қалып көз жұмған еді. Демек, сақтық шарасы ешқашан артық болмайды дейді құтқарушылар.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин