Жетісу облысында суару жүйелері тазартыла бастады

Жетісу облысында егістік алқапты суаратын ирригациялық жүйелер тазартыла бастады. «Қазсушар» мекемесінің қызметкерлері арнаны тұрмыстық қалдықтардан арылтып, ағысты бөгейтін ағаштарды кесіп жатыр. Мамандар биыл 100 шақырымға жуық канал мен арықтарды тереңдетіп, қалыпқа келтірмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әли Нәбиевтің 100 гектарға жуық егістік алқабы бар. Қант қызылшасын, майбұршақ пен жоңышқа егетін шаруаға көктемнен бастап су тоқтаусыз әрі уақытылы жетуі керек. Әйтпесе, ала жаздайғы еңбегі еш кетуі мүмкін.   

Әли Нәбиев, шаруа:

- Су жетпей қалса, өнім көлемі ойдағыдай болмайды. Ауыл шаруашылық саласында бәрі бір-бірімен байланысты. Сондықтан суару жүйемізді жөндеп, тазалап, қалпына келтіріп жатқаны дұрыс. Ол шаруалардың жұмысын жеңілдетеді. Су молынан келіп тұрса, өнім де жақсы шығады.

Көксу ауданындағы 65 шақырымдық магистральді каналмен 15 мың гектардан астам жер суарылады. Шаруаларды тіршілік нәрінен тарықтырмау үшін мамандар суару жүйесін тазартып, қаулай өскен ағаштардан арылтып жатыр. Көктемде ескірген бетон арықтар ауыстырылады. 

Бақытжан Ибрагимов, учаске басшысы:

- Осы жылға 65 темір бетон латок айырбастаймыз. 27 шақырым механикалық тазалау 25 сәуірге дейін ағашты тазалап, магистральді канал бойындағы су беруге дайындық жүргізіп жатырмыз.

Жетісу облысындағы суару жүйелерінің ұзындығы 7 мың шақырымнан асады. Арық атыздардың жағдайы өткен жылы сараланып, биылғы жұмыс соған сәйкес атқарылып жатыр. Жауаптылар жетісулық шаруаларға көктемнен қара күзге дейін 1 млрд 100 млн текше метрден аса су береміз дейді.    

Бақыт Әбішев, «Қазсушар» РМК Алматы филиалы директорының орынбасары:

- 2,5 мың шақырым механикалық тазарту жасадық. Бетонированның ГТС күн райына байланысты бәрін жасаймыз. Жалпы, біздің арнамыз қазір 60%-ке дайын. Вегетацияға дейін барлық каналды жөндеп, ауыл шаруашылық шаруаларға суды береміз.

 «Қазсушар» мекемесі өңірдегі 132 мың гектар жерді сумен қамтамасыз етіп отыр. Саладағылар алдағы бірнеше жылда ирригациялық жүйелерді жөндеу арқылы 30 мың гектар алқапты егістік айналымына енгізбек.

 Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.