БҚО-да балықты қорғау жұмысы жанданды

Батыс Қазақстан облысында үлкенді-кішілі екі жүзден аса өзен бар.

Қазіргі таңда өңірдегі осындай су қоймаларында балық қорғау шаралары жандана түсті. Биыл қар аз түсіп, мұз қалыңдап кеткен. Осыны ескерген еріктілер балық инспекциясының мамандарымен бірлесіп, мұз ою жұмыстарын бастап кетті.

Қанат Құлмұхан қолы қалт еткенде табиғат аясына тартып кеткенді қалап тұрады. Өйткені, мұнда ең алдымен таза ауамен тыныстайды. Әрі  қоршаған ортаға пайдасын тигізуді көздейді. Биыл мұз қалың, сондықтан шұғыл шаралар алу қажет. Өйткені, өзен түбіне ауа бармаса  балықтың бай қорын сақтап қала алмаймыз,- дейді ол.

Қанат Құлмұхан, әуесқой балықшы:

- Өзенімізде шортан, қарабалық, ақ балық, табан балық, оңғақ деген неше түрлі балықтар бар. Аал, міне, балық түскен сияқты. (мұз астынан қармақпен балық суырып алады)  Оо, міне біреуін ұстадық. Осындай шорағай түсе қалды міне!

Күні бүгінге дейін облыстағы су қоймаларында 60 мыңға тарта ойық ойылған. Бұл жауапты істі жүзеге асыруда белсенді жастардың көмегі ұшан-теңіз.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Дәл осы Сырым ауданының аумағында 4 бірдей су қоймасы бар. олар Аңқаты, Бұлдырты, Шідерті және Өлеңті өзендері. Биыл аймаққа ақ ұлпа аз түсті, дегенмен мұз өте қалың. Ал мынадай ойықтар су түбіне оттегі жіберу үшін керек. 

Айтқандай, Жымпитылық белсенді жастардың дені ауыл маңындағы өзендерді жағалап жүр. Олар бұған дейін Өлеңті өзенінде осындай шара өткізіпті. Алдағы уақытта Бұлдырты өзенін бұрғылауды көздеп отыр.

Төленді Иманғазиев, БҚО бойынша балық инспекциясы басқармасының бас маманы:

- Жұмыстар жақсы жасалып жатыр облыс бойынша. Аэрациялық жұмыстар осындай ойықтар ойылып жатыр. Но, қазір облыста  көп жерлерде судың аз мөлшері, тереңдігі. Түбіне дейін қатуы мүмкін. Ондай кезде балық қырылуы мүмкін. 

Биыл аймақта әзірге балықтың жаппай қырылу дерегі тіркелген жоқ. Балық инспекциясының мамандары жағдайды ұдайы бақылап отырмыз дейді. Жалпы, аймақта балық қырылу қаупі жоғары 192 су айдыны анықталып, ерекше қорғауға алынған. 

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов