Түркістандық полиглот Мейірхан Топанбай 10 тілде сөйлейді

Түркістан облысының тұрғыны Мейірхан Топанбай 10 тілде еркін сөйлейді. Ол мүмкіндігім шектеулі деп қарап отырмай, уақытын тіл үйренуге жұмсаған.

Туғаннан сал ауруына шалдыққан жігерлі жігіт ауыл кітапханасында жұмыс істейді. Замандастарын да оқуға шақырып, білім көкжиегін кеңейтуге үлес қосып жүр. Тағдыр тәлкегіне мойымаған азаматпен аймақтағы әріптесім тілдесіп қайтты.

Тастұмсық ауылында туып, өскен Мейірхан Топанбай 29 жаста. Орта мектепті үздік оқып, екі бірдей мамандықты меңгерген. Тіл үйреніп, өзге ұлттың шығармаларымен танысуға бала кезден құмар болыпты. Бүгінде түрік, парсы, неміс, грек, испан тілдерімен қатар армян, поляк, тәжік, француз тілдерін жетік біледі. Сондай-ақ өз бетінше ағылшын сабығын оқып, тіл сындырып жүр.  

Мейірхан  Топанбай, Түлкібас ауданының тұрғыны:  

- Түрік тілі, грек тілін мен бала кезімнен үйрендім. Одан кейін мектепке барғаннан кейін неміс тілін үйрендім, француз тілін үйрендім. Сонымен алты тіл болды ма? Содан соң университетке барғанда парсы  және тәжік тілін үйрендім. Одан соң поляк пен болгар тілі бар ғой, сол екі тілді игердім. Содан соң испан тілі, қазір міні итальян тілін үйретіп жатырмын.

«Мүгедек болсам да, масыл болғым келмейді»,- дейді ізденімпаз Мейірхан.  Бір көзі көрмесе де кітап оқудан бас тартқан емес. Ол үшін аудио басылымдар, брайль харіптерімен жазылған кітаптардың көмегі тиген.

Мейірхан Топанбай, Түлкібас ауданының тұрғыны: 

- Сал ауруына  шалдыққан балаларды көбінесе бізде қоғамда дұрыс қабылдамай жатады. Себебі оларды көбісін ойлайды сал ауруға шалдыққа балалар, адамдар ақыл-есінде ауытқуы бар деп. Енді ол былай айтқанда көбісінде олай емес. Қоғамдағы адамдардың әртүрлі пікірін, әртүрлі көзқарасына менің ата-анам төтеп бере білді.

Ауыл кітапханашысы түрлі мәдени шараларды ұйымдастырып, оқырмандарды ынталандыруып жүр. Әріптестері де оның еңбекқорлығы мен ізденімпаз қабілетін жоғары бағалайды.  

Мәргүл Бекетбаева, кітапханашы:

- Онымен бірлесіп жұмыс істегенде пайдасы өте көп. Өйткені бізге қарағанда кітапты көп оқығандығынан сана сезімі, адамгершілігі мол жігіт. Бірлесіп істегеннен кейін тірлігіміз де оңға басып, оқырмандарымыз да көп. Кітапқа деген оқушылардың қызығушылығын арттыра біледі.

Мейірхан Топанбай кітап оқып, тіл сындырумен қатар аударма ісімен де айналысады. Өзге ұлттың шығармалары мен ақын-жазушыларының нақыл сөздерін аударады. Өткен жылы «Ақиқаттан аттамайық!» атты алғашқы жинағы жарық көрді. Биыл «Жанымның жақұты» атты жинағын баспаға әзірлеп жатыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов