Әнші Turar-дың Muńdy óleń бейнебаяны тыңдарманға жол тартты

Әнші Turar-дың Muńdy óleń әніне түсірілген жаңа бейнебаяны тыңдарманға жол тартты.

Бұған дейін «Мен ешкімді сүймеймін» туындысымен кең танылған Turar бұл жолы бұрынғыдан да күрделі тақырыпты қолға алған. Ол-қазақ әйелінің образы. Шығармашылық топ әйел затының қоғамдағы рөлін бір клипқа сыйдырған. Muńdy óleń бейнебаянының жабық көрсетілімі Kinopark 11 IMAX ESENTAI кинотеатрында өтті.

Әлемге өмір сыйлаған аналардың құрметіне арналған әндер аз емес. Алайда, жас әнші Turar-дың Muńdy óleń-і нәзік жандылар тақырыбын тереңнен толғайды. Тарихтан сыр шерте келе бүгінгі қоғамда кездесіп қалатын отбасылық зорлық-зомбылықпен түйіндейді.

Turar, әнші:

- Қазақтың қыздарына деген шығармашылық respect. Мына статистиканы оқыдық та, шошыдық. Қазақстанда БҰҰ зерттеуі бойынша 400-ден 500-ге жуық жылына әйел қайтыс болады екен. Сондықтан біз бұл тақырыпты қозғаймыз деп шештік.

Бейнебаянның сюжеті күрделі. Шығармашылық топ 4 кезеңдегі оқиғаларды 4 минутқа сыйдырған. Қазақ хандығы, Екінші дүниежүзілік соғыс және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезіндегі батыр аналарымызды дәріптей келе, бүгінде қыздарға деген құрметтің ұмыт болғанын көрсетеді.

Самат Сыржанов, сценарий авторы әрі режиссері:

- Бір актриса арқылы, ол дегенміз қазақ қыздары бұрында да қазіргі кезде де сол қазақ қыздары. Инабатты, ибалы, үйді де, сыртты да барлығын реттеп отыратын керемет жандар екенін көрсетіп, оларды біз қадірлеуіміз керек, сыйлауымыз керек, құрметтеуіміз керек деген оймен көрсетуге тырыстым.

Muńdy óleń бейнебаяны бір аптада түсіріліпті. 300-ден аса адам атсалысқан туындының бюджеті 20 миллион теңге. Клиптің тұсаукесері әрі жабық көрсетілімі Kinopark 11 IMAX ESENTAI кинотеатрында өтті. Салтанатты кешке шақырылған әнші, актер және блогерлер Turar-дың еңбегін жоғары бағалап, бейнебаянның көрерменнің ықыласына бөленетініне сенім білдірді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон